Нұрсұлтан Қалкенов: Өнердің міндеті – дұрыс сұрақ қоя білу
«Соқырлар» – бір оқып немесе бір қойып қана қоятын шығарма емес. Оған әр оралған сайын жаңа қырын байқайсың.
Көзі соқырдан қорықпа, көңілі соқырдан қорық» дейді халық даналығы. Расында, адамды жолдан жаңылдыратын көздің емес, сананың қараңғылығы. Бүгінде айналасына қарап тұрса да ақиқатты көрмейтін, естіп тұрса да өзгенің мұңын сезбейтін жандар аз емес. Осындай терең ойды арқау еткен әйгілі бельгиялық драматург Морис Метерлинктің «Соқырлар» трагедиясы театр сахнасында қойылып, көрерменге терең ой тастады. Біз осы қойылымның режиссері Нұрсұлтан Қалкеновпен сұхбаттасқан едік.
– Нұрсұлтан мырза, Метерлинктің «Соқырлар» пьесасы жүз жылдан астам уақыт бұрын жазылса да, оның өзектілігі неде деп ойлайсыз? Оны бүгінгі қоғамға қалай бейімдеп қойдыңыздар?
Морис Метерлинктің «Соқырлар» пьесасын таңдауыма ең басты себеп – оның символикалық шығарма болуы. Мен символизм жанрына әрдайым қызығушылықпен қараймын. Өйткені мұндай шығармаларда әр адам өзінше ой түйеді, әр көрермен өзінше қабылдайды. Бұл пьесамен жұмыс істеу барысында өзімнің де көптеген ойларым өзгерді. Кейде «автордың айтқысы келген негізгі ойы осы ма, әлде мұның астарында тағы бір терең мағына жатыр ма?» деген сұрақтар туындап отырды. «Соқырлар» – бір оқып немесе бір қойып қана қоятын шығарма емес. Оған әр оралған сайын жаңа қырын байқайсың. Сондықтан да бұл пьесаның әр көрерменге берер өзіндік мағынасы бар деп есептеймін. Біреу одан жалғыздықты көреді, біреу қорқынышты, біреу үмітті көреді. Ал тағы біреу адамзаттың өмір жолындағы адасуын көруі мүмкін.
Бұл шығарманың өзектілігі бүгінгі қоғамдағы көптеген ақиқаттардың жиынтығында жатыр деп ойлаймын. Уақыт өзгергенімен, адам табиғаты аса қатты өзгерген жоқ. Әлі күнге дейін адамдар қорқады, күмәнданады, бағыт іздейді, шындықты біле тұра мойындағысы келмейді. Қоғамда бәріміз білетін, бірақ айтуға немесе қабылдауға қорқатын ақиқаттар бар. Метерлинк дәл сол мәселелерді жүз жылдан астам уақыт бұрын көтерген. Сондықтан бұл шығарманың өзектілігі ешқашан жоғалмайды деп ойлаймын. Өйткені ол белгілі бір кезең немесе белгілі бір қоғам туралы емес, жалпы адам табиғаты туралы жазылған шығарма.
Қойылымды сахналау барысында біз шығарманың негізгі философиялық және символикалық табиғатын сақтауға тырыстық. Сонымен қатар бүгінгі көрерменге жақын болуы үшін оның кейбір астарларын қазіргі қоғаммен байланыстырып қарастырдық. Себебі қазіргі адам да дәл пьесадағы кейіпкерлер секілді кейде қайда бара жатқанын білмей, белгісіздік алдында қалып жатады.

- Қойылымның атауы символдық мағынаға ие ме?
– Әрине, «Соқырлар» атауының өзі үлкен символикалық мағынаға ие. Біз көбінесе соқырлықты көздің көрмеуі деп қабылдаймыз. Бірақ бұл шығармадағы соқырлық тек физикалық соқырлық емес. Менің ойымша, адам баласы кейде көре тұра соқыр болады. Өмірдегі көптеген нәрселерді байқап тұрсақ та, оларды қабылдағымыз келмейді. Кейде шындықты көріп тұрып, одан қашамыз. Кейде айналамыздағы адамдардың жан дүниесін көрмейміз. Кейде өзімізді де түсінбей жатамыз. Ал өмірде туа біткен соқыр жандар бар. Бірақ кейде дәл сол адамдардың рухани көзі бізден әлдеқайда ашық болуы мүмкін. Сондықтан бұл шығармадағы соқырлық ұғымы әлдеқайда кең мағынада қарастырылады. «Көреміз, бірақ айта алмаймыз. Білеміз, бірақ мойындамаймыз». Мен үшін бұл да қойылымдағы басты символикалардың бірі.
– Бұл спектакль көрерменнің жан дүниесіне қандай сауал тастауы керек?
– Менің ойымша, көрермен спектакльден шыққан соң ең алдымен өзіне сұрақ қоюы керек.
«Менің жан дүнием қаншалықты таза?»
«Мен өз өмірімде нені байқамай жүрмін?»
«Мен шынымен көріп жүрмін бе?»
«Мен бұл спектакльді қаншалықты түсіне алдым?»
Осы сұрақтардың өзі көрерменді ұзақ уақыт ойландыра алса, қойылым өз мақсатына жетті деп ойлаймын. Біз шын мәнінде көруіміз керек дүниелерді көре алмай жүрміз. Ал көруге тұрмайтын дүниелерге шектен тыс назар аударып, өзімізді бәрін түсініп жүрмін деп алдаймыз. Қазіргі қоғамда ақпарат өте көп. Бірақ ақпараттың көп болуы адамның бәрін түсініп жүргенін білдірмейді. Сондықтан спектакль көрерменді сыртқы әлемнен бұрын өзінің ішкі әлеміне үңілуге шақырады. Адам өз-өзімен бетпе-бет қалып, жан дүниесіне қарауға мүмкіндік алуы керек.
– Біз шын мәнінде нені көрмей жүрміз? Бұл сұраққа спектакль жауап бере алды ма?
– Бұл сұраққа әр адамның жауабы әртүрлі болуы мүмкін. Менің ойымша, біз ең алдымен уақыттың қадірін көрмей жүрміз. Біз жақын адамдарымыздың қадірін көрмей жүрміз. Біз өзіміздің ішкі әлемімізді көрмей жүрміз. Кейде өмірдің ең маңызды құндылықтары дәл көз алдымызда тұрады, бірақ біз оларды байқамаймыз.
Тағы бір мәселе – адам көбіне өз шындығынан қашады. Өзінің қорқыныштарын, әлсіздіктерін, жалғыздығын мойындағысы келмейді. Ал бұл спектакль дәл сол мәселелерге назар аударуға шақырады. Менің ойымша, спектакль бұл сұраққа дайын жауап бермейді. Және оның құндылығы да осында. Себебі өнердің міндеті әрқашан жауап беру емес, кейде дұрыс сұрақ қоя білу. Ал қалған жауапты көрерменнің өзі табады.
– Шығармашылық құрам, актерлер туралы айтып өтсеңіз.
– Актерлерге жеке-жеке тоқталғым келмейді. Себебі бұл қойылым бір адамның емес, тұтас ұжымның еңбегі. Осы шығармашылық топпен жұмыс істеу мен үшін әрі қызықты, әрі қиын тәжірибе болды. Құрамда ерекше жандар бар. Сондықтан жұмыс барысында түрлі қиындықтар да кездесті. Бірақ сол қиындықтардың өзі бізді біріктірді деп ойлаймын.
Ең бастысы – менің шығармашылық ойларымды түсініп орындай алды.