Руханият

Тик-ток жабыла ма: көпшілік пікірі қандай?

TikTok – ең белсенді, қолданушылар санымен алдыңғы қатарда тұрған әлеуметтік желінің бірі. Жақында көршілес Қырғызстан аталған әлеуметтік желіге кіруді шектеу туралы шешім, одан кейін АҚШ тик-токқа тыйым салатын заң қабылдады. Тіпті, аталмыш желіні жасаған Қытайдың өзі отандық өнімін пайдаланбайды, Үндістанда да Тик-токты қолдануға мүмкіндік жоқ. Соңғы статистикалық деректерге сүйенсек, елімізде TikTok-қа 14 миллионға жуық адам тіркелген екен.

Диджитал нарықта кең танымалдыққа ие желіні пайдаланушылар саны артпаса кемитін түрі жоқ. Өзге елдер сияқты Қазақстанда да ұлттық сананың дұрыс қалыптасуына кері әсерін тигізетін әлеуметтік желіні бұғаттауды қолдайтындар да бар. «Baimedia» медиа-холдингінің бас директоры, қоғам белсендісі Асылбек Баяжұма TikTok-ты беретінінен алатыны көп, әсіресе алаяқтар үшін ең тиімді платформа деп есептейді. Сондай-ақ мәдениетіміз бен тарихымыз дәріптелмейтін, руханиятымыз жайлы айтылмайтын әлеуметтік желіде отыратын қазақ жастарының көп екеніне қынжылатынын айтты.  

 «TikTok вирус сияқты әлем елдеріне кең тарап кетті. Оның әр елдің менталитетіне, салт-дәстүріне қайшы келетін тұстары өте көп. Терроризмді, әсіре діншілдікті насихаттауға қолайлы платформа болып тұр. Сондықтан бірқатар ел Тик-токты қолдануға қарсы заң қабылдады. Қоғам белсенділері осыны халыққа үндеу ретінде әлеуметтік парақшаларымызда жариялаған болатынбыз. Кейіннен Мәжілісте Ерлан Саиров осы мәселені көтерді және Аида Балаева да мүмкіндік болса жабу керек деген сыңайда пікір айтқан еді. Байқасаңыз, қазір әлеуметтік желіде қандай мәселе қаралып жатқанын, бала психологиясына кері әсер ететін элементтер көріп отырғанына ешкім мән беріп жатқан жоқ. Сондықтан бұл біздің өскелең ұрпақ үшін қауіпті дүние. Сондай-ақ мемлекет тұрақтылығын бұзуды мақсат еткен астыртын топтар үшін қалайлы платформа болғандықтан, Қазақстан үшін TikTok-тың керегі жоқ», – деді ол. Сонымен қатар, Тик-токтың орнын басатын Balapan арнасының мобильді жүйесін іске қосу керегін айтты.

Кез келген мәселеде таяқтың екі ұшы болатыны сияқты тик-токқа тыйым салуға қарсы шыққандары да бар. Өз кәсібін дөңгелетуге және онлайн ақыл-кеңестің кеңістігіне айналған қосымша арқылы табыс табуға болатынын айтқан тиктокер Арман Ғалымжанұлының парақшасында 32 мыңға жуық оқырманы бар. Ол қазір өзге елдерде тыйым салынып жатқан заңның елімізде де қайталануын қолдамайды.

«Әлемнің цифрлық ақпараттық кеңістігінде орын алып жатқан жаңалықтарды естіп жүрміз. Бірақ оның елімізде болғанын құптай алмаймын. Неге десеңіз, біз тик-токтың тек жағымсыз жақтарын ғана көріп отырған сияқтымыз. Егер, әркім өзіне жауапты бола білсе, балаларға ата-аналар көз қиығын салса, ойымша барлығы дұрыс жаққа ауысар. Ал қазір тик-ток арқылы кез келген өзінің жақсы, игі істерін одан ары дамыта алатын күйге жеткен. Бір-біріне оңай қол ұшын созуға себепкер платформа деп айтар едім. Осы тик-токты аша қалсаң тек бізге жат бейнелер шыға келеді дегенге ешкім кепілдік бере алмайды ғой, керісінше, жұртқа үлгі болар істерді осы әлеуметтік желіде тарату көп жастардың мейірімін оятады деп санаймын», – деді А. Ғалымжанұлы. Оның айтуынша, Қазақстанның көп өңіріне баруға мүмкіндігі келмейтін адам да осы әлеуметтік желінің көмегімен бірқатар ақпараттарға ие болып, табиғат көріністерін тамашалай алады.

Тиктокердің айтқанымен келіскен әлеуметтанушы Айсұлу Молдабек TikTok-ты контенттік, мазмұндық тұрғыда әсер ету керегін айтты.

«Елімізде TikTok-ты бұғаттаудың қажеті жоқ деп ойлаймын. Себебі түрлі гранттар, азаматтық қоғамды дамытуға арналған жобалар немесе білім-ғылым саласының контентін, мазмұнын тик-токқа ыңғайлап, халыққа құқықтық сауаттылыққа, тарихи сананы жаңғырту үшін қолдануға болады. Ол үшін әлеуметтік желідегі жобаларды дамытуға қолдаулар болуы керек. Сондай-ақ тауар сату, бизнестің дамуына септігін тигізген желінің интелектуалдық тұрғыда кемшін тұстары бар. Балалардың қолдануына байланысты бірқатар шектеулер керек сияқты. TikTok  кең тараған желі, сондықтан оны тиімді жағынан пайдалана алса, жоғарыда айтқанымдай көптің керегіне жарайды деп ойлаймын», – дейді ол.

Тик-Ток әлеуметтік желісіне, әсіресе жастар көп уақыт бөледі. Соның негізінде ол трендке ие болып отыр. Салыстырмалы түрде Тик-Токты қолданушылар басқа әлеуметтік желі қолданушылар санынан асып барады. Әлеуметтік желі көмегімен баланың ой-өрісі әлемнің әр тарабындағы еркін ойлы қатарластарына жақын. Дегенмен ешқандай әлеуметтік желі жүйелі оқуды алмастырмайды, шығармашылығын, оқуға қызығушылығын арттыру үшін құрал болу керек. Ал Тик-Токты қай жағынан пайдалану қолданушының өзіне байланысты болмақ.