Қоғам

Бала күтіміне қанша теңге төленеді?

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі мәлімет ұсынды.

Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі балалы отбасыларды мемлекеттік қолдау аясында төленетін негізгі бес жәрдемақы түрі мен олардың орташа мөлшері туралы мәліметті ұсынды, деп хабарлайды Oimaqnews.kz.

Ведомствоның ақпаратына сүйенсек, қазіргі таңда елімізде ана мен баланы қолдау бағытында келесідей төлемдер жүзеге асырылады:

1. Бала туғанда берілетін біржолғы жәрдемақы:

Бірінші, екінші және үшінші баланың дүниеге келуіне байланысты — 164 350 теңге;

Төртінші және одан кейінгі балалар туғанда — 272 475 теңге біржолғы төлем ретінде беріледі.

2. Жұмыс істейтін әйелдерге арналған әлеуметтік төлемдер:

Жүктілік және босануға байланысты: Жұмыс істейтін әйелдер үшін жүктілік және босану, сондай-ақ жаңа туған баланы (балаларды) асырап алу жағдайлары бойынша табысынан айырылуына байланысты арнайы әлеуметтік төлем қарастырылған. Бұл қаражаттың көлемі әйелдің соңғы 12 айдағы орташа айлық табысына тікелей байланысты есептеледі. 1 мамырдағы жағдай бойынша, бұл төлемнің орташа мөлшері 1,2 миллион теңгені құрады.

Бала күтіміне байланысты: Бала 1,5 жасқа толғанға дейінгі күтімі бойынша берілетін әлеуметтік төлем жұмыс істейтін әйелдер үшін олардың соңғы 2 жылдағы орташа айлық табысының 40%-ы деңгейінде бекітіледі. Мамыр айының басында бұл төлемнің орташа көлемі 86 062 теңгеге жетті.

3. Ерекше қолдауға ие санаттар мен көпбалалы отбасылар:

Мүгедектігі бар балаларды тәрбиелеп отырған отбасыларға мемлекет тарапынан ерекше қолдау көрсетіліп, ай сайын 81 871 теңге көлемінде жәрдемақы төленеді.

Көпбалалы отбасыларға олардың табыс деңгейіне қарамастан, ай сайын келесі мөлшерде жәрдемақы аударылады:

Төрт баласы бар отбасыларға — 69 330 теңге;

Бес баласы бар отбасыларға — 86 673 теңге;

Алты баласы бар отбасыларға — 104 017 теңге;

Жеті баласы бар отбасыларға — 121 360 теңге.

Бұған қоса, «Алтын алқа» және «Күміс алқа» алқаларымен марапатталған аналарға мемлекет тарапынан қосымша материалдық қолдау көрсетіледі.