Қоғам

Депутаттың өлімі: клиникадан бірқатар кемшіліктер анықталды

Бұл туралы КТК телеарнасы хабарлады.

Маңғыстау облысында марқұм болған Мәслихат депутаты Ербол Айтуовқа ота жасамақ болған клиникадан бірқатар өрескел кемшіліктер анықталды. Бұл туралы КТК телеарнасы хабарлады.

Бұл туралы өңірлік фармацевтиканы бақылау комитеті департаменті мәлімдеді. Марқұмның туыстарының өтініші негізінде жүргізілген жоспардан тыс тексеріске тәуелсіз пластикалық хирург, анестезиолог және реаниматолог сынды мамандар тартылған. Сараптама қорытындысы медициналық көмек көрсету стандарттарының сақталмағанын көрсетіпті.

Департамент басшысының айтуынша, тексеріс барысында клиниканың анестезиология және реанимация бейіні бойынша медициналық талаптарға сәйкес келмейтіні анықталған.

Сондай-ақ марқұмды ота үстеліне жатқызып, наркоз салар алдында оның лабораториялық талдау анализдеріндегі ауытқу ескерілмеген. Яғни марқұм бұрын қант диабеті және артериалды гипертензия дертімен есепте тұрған. Тексеру кезінде пластикалық хирургия клиникасында арнайы жансақтау бөлімінің жоқ екені, сонымен бірге лицензия ережелерінің бұзылу дерегі де анықталды.

Аталған заңбұзушылықтарға байланысты клиникаға әкімшілік хаттама толтырылған. Қазір тексеру қорытындыларына құқықтық баға беру үшін облыстық полиция департаменті мен прокуратураға жолданды.