Михаил Шайдоров мәлімдеме жасады
Мәнерлеп сырғанаудан Олимпиада чемпионы Михаил Шайдоров Threads желісінде жазба жариялап, жалақысына қатысты мәселелерге тоқталды.
"Барлық қазақстандыққа қолдағаны, бей-жай қарамағаны үшін, әлеуметтік желілердегі көптеген жазбалары, жылы лебіздері мен тілектері жазылған жеке хаттары үшін алғыс айтқым келеді. Мен мұны өте жоғары бағалаймын. Сыннан өтпеген, сенімсіз ақпарат ағынына ермегендеріңіз үшін рақмет. Сенімдеріңіз мен үшін өте маңызды", - деді ол.
Спортшы өз атына кір келмес үшін мәселені нақтылап өткісі келетінін айтты.
"Қандай да бір органдармен айтысып-тартысқым келмейді, бірақ өз атымның көпшілік алдында қаралануына жол бере алмаймын.
Жағдайды нақтылап өткім келеді. Иә, бүгінгі таңда маған Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген спорт шебері куәлігі шынымен де табысталған жоқ, ал мен бұл нормативті әлі 2025 жылы әлем чемпионатында күміс жүлде алып орындаған болатынмын. Рәсімдеуге қажетті құжаттардың барлығынан өтсем де, куәлікті алған жоқпын", - деді ол.
"Олимпиада ойындары үшін берілетін сыйақыларға қатысты. Бұл процедура уақытты талап ететінін білемін және бұл бағытта жұмыс жүріп жатқанына сенімдімін. Бұл бойынша менде ешқандай сұрақ жоқ.
Өмір бойы төленетін төлемдерге қатысты. Министрлік жауап беруге асығып кетті деп ойлаймын, өйткені бұл ақпарат толықтай дұрыс емес. Бұл төлемдерді мен тек 20 жылдық еңбек өтіліне жеткенде ғана ала аламын, ал қазір менің жасым бар-жоғы 21-де. Қазіргі уақытта мен бұл төлемдерге үміт артпаймын, бәлкім, болашақта сондай еңбек өтілін жинай алармын, бірақ қазір бұл туралы айту әлі ерте, алда атқарылатын жұмыс көп және оған әлі лайық болып, жету керек", - деді ол.
"Басқа да спорт түрлеріндегі көптеген жоғары дәрежелі спортшы сияқты мен де Федерациядан және Спортты дамыту дирекциясынан жалақы аламын. Федерациямен келісімшарт жасалған болатын. Бірақ, маған айтып жатқандай, Спортты қолдау қоры қаржыландыруға берілген өтінімді қарастырып жатқандықтан, төлемдер кешіктірілуде. Сондықтан мен де, команда да 5 айдан бері жалақы алған жоқпыз. Спортты дамыту дирекциясы маған қаңтар айының және 2026 жылдың 22 ақпанына дейінгі жалақымды расымен де төледі.
2026 жылға арналған жаңа келісімшартты талқылау үшін менімен және менің командаммен тек мамыр айының ортасында ғана байланысқа шықты, менде мұны растайтын хат-хабарлар бар. Келісімшарт менің сомаға келіспегенімнен немесе олар айтып, көрсеткісі келгендей келуден бас тартқанымнан мақұлданбай тұрған жоқ. 2026 жылдың соңына дейін жарамды келісімшартта 2030 жылғы Олимпиадада медаль жеңіп алу міндеттемесі тұр.
Біз командамызбен заңды тұрғыдан бұл тармақты қайта қарауды ғана сұрадық, өйткені бұл қисынсыз және мүмкін емес, мен 2026 жылы тұрып, тек 4 жылдан кейін өтетін Олимпиаданы ұтып ала алмаймын ғой. Біз бұл сұрақтарды заңгерлерге қойып, осы тармақты қайта қарауды өтіндік, бірақ БАҚ-та айтылғандай, бүгінгі күнге дейін бізбен ешкім байланысқа шыққан жоқ. Осы болып жатқан жайттардың барлығын ескере отырып, мен барлық төлемдер, келісімшарт жасасу және басқа да мәселелер қолдан созылып келді деп болжаймын, сондықтан да мұны жария еттім", - деді ол.
Шайдоров мәселе ақшада еместігін, тек уәде етілгендердің орындалмаай жатқанын атап өтті.
"Мен бақытты адаммын, сүйікті ісіммен айналысамын. Мен үшін ақша өмірдегі ең басты нәрсе емес, оны тауып үлгеремін. Мен тек маған уәде етілген барлық жағдайлардың орындалғанын қалаймын. Бірақ ақпан айынан бері менде тіпті дәрігер де жоқ. Мені бұл мәселені көпшілікке жария етті деп айыптап жатыр. Былай айтайын – мен бұл тақырыпты көтеру үшін арнайы сұхбатқа барған жоқпын. Бірақ маған сұрақ қойылды, мен шындықты қалай бар, солай айттым. Мен өтірік айта алмаймын", - деді спортшы.