Қоғам

Жамбыл облысында арнайы жасақ инспекторы өзіне оқ атып, көз жұмды

Оқиға арнайы отряд казармасының дәлізінде болған

Жамбыл облысының Қордай ауданында полицияның арнайы жасақ (СОБР) инспекторы казарма ішінде өзіне оқ атып, алған жарақатынан көз жұмды. Оқиға арнайы отряд казармасының дәлізінде болған, деп хабарлайды Oimaqnews.kz

Алдын ала мәлімет бойынша, 1995 жылы туған полиция қызметкері табельдік қаруынан жарақат алған. Оқиғадан кейін ол бірден аурухананың жансақтау бөліміне жеткізілгенімен, дәрігерлер оның өмірін арашалап қала алмады, сарбаз кешке қарай қайтыс болды.

Жамбыл облыстық Полиция департаменті бұл оқиғаға қатысты ресми ақпарат беріп, сотқа дейінгі тергеп-тексеру амалдарының басталғанын растады.

Қазіргі уақытта құзырлы органдар қайғылы оқиғаның толық мән-жайын, оқ атудың себептері мен өзге де детальдарын анықтау мақсатында қажетті жедел-тергеу шараларын жүргізіп жатыр. Тергеу мүддесіне байланысты басқа ақпарат жария етуге жатпайды.