Әлеумет

Түркістанда әкімдік қызметкері балабақша иесін ұрып жіберген

Отырыс кезінде жанжал туындаған

Түркістан облыстық Білім басқармасында өткен комиссия отырысында әкімдік қызметкері балабақша иесін ұрып жіберген, деп хабарлайды Oimaqnews.kz  Otyrar.kz-ке сілтеме жасап.

Бұл сәттің видеосын Түркістан қалалық мәслихатының депутаты Сәкен Хандиллаев Facebook-парақшасында жариялады.

«Әкімдіктен пана, көмек сұрап келіп жатқан халық келіп, таяқ жеп кетіп жатса, «Мемлекеттік қызмет туралы» заң бұған не дейді?  ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігі бұған не дейді, әлде мемлекеттік қызметкерлерге арналған заң тек аудандар мен ауыл әкімшіліктерінде қызмет жасайтын жәй мамандарға ғана қолданылады ма?» – деп жазды автор.

Ал жергілікті блогер Олжас Мамырдың жазуынша, бұл жайттың болғанына біраз болған.

«Алтынай ханым деген аудитор екен. Негізі былықты әшкерелеген екен», – деді блогер Олжас Мамыр.

Бұл жайт облыстық Білім басқармасында өткен балабақшалар жөніндегі комиссия отырысы кезінде болған. Зардап шеккен әйел балабақша иесі екен. Отырыс кезінде  жанжал туындаған. Видеодан әкімдік қызметкерінің балабақша иесіне ашуланып, кейін жұлқылап, қол көтергенін көруге болады.

Балабақша иесі әкімдік қызметкерінің үстінен арыз жазған. Облыстық Полиция департаментінің мәліметінше, арыз Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 73-2-бабы 1-тармағы («Ұрып-соғу») бойынша тіркеліп, іс материалдары сотқа жолданған.

Бұл іс Түркістан қаласының әкімшілік құқық бұзушылықтар жөніндегі мамандандырылған сотында қаралды. Сот қаулысымен әкімдік қызметкеріне 10 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салынған.

Түркістан облысы әкімдігіндегілер балабақша иесіне күш қолданды деген әйел әкімдіктің ішкі аудит қызметінің бас инспекторы екенін айтты. Оқиғадан кейін қызметкерден түсініктеме алынып, әдеп нормаларын сақтамағаны үшін оған қатаң сөгіс берілген.