Қоғам

Астанадағы балалар ауруханасында түнде өрт шықты

Астанада түнгі уақытта балалар ауруханасында өрт болды.

Оқиға Сарайшық ауданындағы Қошқарбаев көшесінде орналасқан медициналық мекемеде тіркелген.

Төтенше жағдайлар министрлігінің мәліметінше, өрт жертөледегі электр қалқанында шыққан. Оқиға туралы хабар түскеннен кейін алғашқы өрт сөндіру бөлімшелері екі минут ішінде жеткен.

Қауіпсіздік мақсатында ауруханадағы науқастар мен медицина қызметкерлері эвакуацияланды. Кейбір пациенттер уақытша жақын маңдағы медициналық ұйымдарға орналастырылған.

Өрт 10 шаршы метр аумақта толық сөндірілді. Зардап шеккендер жоқ. Қазір өрттің шығу себебі анықталып жатыр.

Куәгерлердің айтуынша, оқиға кезінде аурухана іші қатты түтінге толған. Ата-аналардың бірі баласын шұғыл операцияға алып келгенін, алайда өртке байланысты операция кейінге шегерілгенін айтқан. Оның сөзінше, медицина қызметкерлері балаларды көрпе-жамылғымен жауып, сабырмен сыртқа шығарған.