Артық майдан арыламын деп көз жұмды
Мәслихат депутаты Ақтаудағы жекеменшік клиникада жасалған отадан кейін қайтыс болды.
Маңғыстау облысы мәслихатының депутаты, KazPetroDrilling компаниясының өңірлік вице-президенті Ербол Айтуов Ақтаудағы жекеменшік клиникада жасалған отадан кейін қайтыс болды, деп хабарлайды Oimaqnews.kz Stan.kz сайтына сілтеп.
Марқұм иек астындағы артық майды липосакция әдісімен алдырмақ болып, Қасиет клиникасына жүгінген. Операция 4 сәуір күні жасалған. Алайда көп ұзамай оның жағдайы күрт нашарлап, комаға түскен. Бір айдан кейін, 5 мамырда көз жұмған.
Жұбайы Лаура Айтуованың айтуынша, ота алдында тапсырылған талдаулар толық зерттелмеген. Оның сөзінше, Ербол Айтуовтың қанындағы қант мөлшері қалыпты деңгейден әлдеқайда жоғары болғанына қарамастан, дәрігерлер операция жасаған.
Оның айтуынша, дәрігерлер бастапқыда отбасы мүшелеріне науқастың ауыр жағдайда жатқанын толық айтпаған. Тек бірнеше сағаттан кейін ғана облыстық ауруханаға жеткізілгені белгілі болған.
Лаура Айтуова клиника қызметкерлерін салғырттық танытты деп айыптап, кінәлілердің жауапқа тартылуын талап етіп отыр.
Ал Медициналық және фармацевтикалық бақылау комитетінің Маңғыстау облысы бойынша департаменті жүргізілген тексеріс барысында клиникадан бірқатар заңбұзушылық анықталғанын мәлімдеді.
Тексеру нәтижесінде ота бөлімі қажетті медициналық құралдармен толық жабдықталмағаны, кей құрылғылардың техникалық мерзімі өтіп кеткені және шұғыл көмек көрсетуге арналған арнайы аспаптардың жоқ екені белгілі болған. Сонымен қатар анестезиология және реаниматология қызметіне қатысты лицензиялық құжаттардың толық болмағаны айтылды.
Комитет мәліметінше, науқас операция алдында толық тексеруден өтпеген. Мамандар сәтсіз интубация анестезия кезінде миға оттегі жетіспеуіне әкелуі мүмкін екенін де жоққа шығармайды.
Аталған дерек бойынша Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодекстің 464-бабы аясында хаттама толтырылған. Тексеру материалдары прокуратураға жолданбақ.