Қоғам

Салық кодексіне қатысты уәде орындалмай отыр – Бақытжан Базарбек

Бұл туралы Мәжілістің жалпы отырысында айтылды.

Мәжіліс депутаты Бақытжан Базарбек Ұлттық экономика министрлігінің Салық кодексіне қатысты берген уәделерін орындамағанын айтып, ведомство өкілдерін қатаң сынға алды, деп хабарлайды Oimaqnews.kz Qaz365.kz. сайтына сілтеме жасап.

Палатаның жалпы отырысында депутат жұмыс тобының алдыңғы жиынында айтылған жоспарлардың іс жүзінде орындалмай, мерзімі тағы бір жылға созылып кеткеніне наразылық білдірді.

Оның бұл өткір әрі дәйекті сөзіне Мәжіліс спикері Ерлан Қошанов депутаттың есте сақтау қабілетіне ризашылық білдіріп, «жақсы есіңізде сақтап қалыпсыз» деп мақтау айтты. Депутат өз кезегінде авиаотынды ҚҚС-тан босату арқылы әуе билеттері арзандауы керек екенін, бірақ іс жүзінде бағаның одан сайын өскенін алға тартып, бұл жеңілдіктің нәтижесіз екенін тағы бір мәрте ескертті.

Ұлттық экономика бірінші вице-министрі Азамат Әмрин өз кезегінде министрлік мониторингтен бас тартпайтынын және салықтық кезең аяқталғаннан кейін ғана нақты нәтиже шығатынын түсіндіруге тырысты.

Айта кетейік, биыл мамыр айының басында Салық кодексіне түзетулер екі кезеңмен енгізілетіні, ал алғашқы пакет 1 шілдеге дейін қабылдануы тиіс екені хабарланған болатын. Алайда министрлік пен депутаттар арасындағы түсініспеушілік бұл мерзімдердің өзгеруі мүмкін екенін көрсетіп отыр.