Бітімгерлердің үшінші құрамы Голан жоталарына аттанды
Бүгін салтанатты түрде шығарып салу рәсімі өтті.
Алматыдағы Десанттық-шабуылдау әскерлерінің 61993 әскери бөлімінде «Біріккен Ұлттар Ұйымының бөлінуді бақылау жөніндегі күштері» миссиясы құрамында қызмет ету үшін Голан жоталарына аттанатын үшінші ұлттық бітімгерлік контингентті салтанатты түрде шығарып салу рәсімі өтті, деп хабарлайды Oimaqnews.kz.
Іс-шараға Қорғаныс министрлігінің басшылығы, Бітімгерлік операциялар орталығының қолбасшылығы, қызметтестер, Қарулы күштердің ардагерлері, сондай-ақ әскери қызметшілердің туыстары мен жақындары қатысты. Митингте сөз алған Қорғаныс министрінің тәрбие және идеологиялық жұмыс жөніндегі орынбасары генерал-майор Асқар Мұстабеков Қазақстанның халықаралық қауіпсіздікті қолдау ісіне қатысуының маңыздылығына тоқталды.
Бұдан соң үшінші бітімгерлік контингенттің командирі подполковник Ілияс Алматов бастаған әскерилер плацта салтанатты саппен жүріп өтті. Осы мезеттен Қарулы күштердің 139 әскери қызметшісі екінші контингентті ауыстыру үшін Алматы халықаралық әуежайына жол тартып кетті.
Қазіргі таңда 150-ден астам қазақстандық бітімгер Біріккен Ұлттар Ұйымының Таяу Шығыстағы және Африка континентіндегі 7 миссиясына әскери бақылаушы, штабтық офицер және жеке дербес әскери контингент ретінде қатысып жатыр. Атап айтсақ, Ливанда, Сирияда, Батыс Сахарада, Оңтүстік Суданда, Конго Демократиялық Республикасында, Орталық Африка Республикасындағы БҰҰ миссияларында қазақстандық бітімгерлер бар.