Әлем

Қырғызстанда Ташиевке қатысты алдын ала сот тыңдауы басталды

Жалпы бұл іс бойынша жеті адам айыпталушы ретінде тартылған.

Қырғызстан ҰҚМК бұрынғы басшысы Қамшыбек Ташиевке қатысты қылмыстық іс бойынша алдын ала сот тыңдауы басталды, деп хабарлайды Arasha.kz сайты Kloop-қа сілтеме жасап.

Отырыс Бішкек қаласының Бірінші май аудандық сотында жабық режимде өтуде. Іс құпия деп танылған, жергілікті БАҚ өкілдерінің хабарлауынша, сот залына апаратын дәлізге дейін кіруге шектеу қойылған.

Адвокат Икрамидин Айткуловтың айтуынша, Ташиевке мына баптар бойынша айып тағылған:

«Билікті күшпен басып алу»;

«Қызметтік өкілеттігін асыра пайдалану».

Қырғызстанның Бас прокуратурасы айыптау актісін 12 мамырда бекіткен болатын.

Ташиевтің өзі тағылған айыпты мойындамайды және қазір ешқайда кетпеу туралы қолхатпен жүр.

«Тандыр Медиа» басылымының ақпараты бойынша, ҰҚМК экс-басшысы алдын ала сот отырысына келмеді.

Іс бойынша Ташиевтен бөлек тағы алты адам өтуде:

Парламенттің бұрынғы спикері Нұрланбек Тұрғанбек уулу;

Бас прокурордың бұрынғы орынбасары (экс-бас прокурор) Құрманқұл Зулушев;

«75-тер хаты» деп аталатын құжатқа қол қойған бірнеше адам.

Жалпы бұл іс бойынша жеті адам айыпталушы ретінде тартылған.