Ақтөбеде тірі адамдарға зираттан орын алмақ болған
Ақтөбе қаласындағы зираттардың бірінде тұрғындардың бірі бір отбасы мүшелеріне арнап бірнеше орын белгілеп, құрылыс жұмыстарын бастап кеткен.
Бұл жағдайды аумақты аралау кезінде сенімгерлік басқару компаниясының өкілдері анықтады.
«Financial World» ЖШС директорының орынбасары Ануар Кужановтың айтуынша, отбасы қайтыс болған ұлы жерленген аумақтың маңынан ата-анасына және келініне деп орын дайындамақ болған. Тіпті бейіт іргетасын құю жұмыстары да басталып кеткен.
Компания өкілдерінің мәліметінше, олар 2022 жылдан бері Ақтөбедегі 45 зиратты сенімгерлік басқаруға алған. Мамандар күн сайын аумақты бақылап, тазалық жұмыстарын жүргізеді. Әсіресе жаз мезгілінде тұрғындардың қоқыс тастау деректері жиілейтін көрінеді.
Қазақстанда әр адамға зираттан 6 шаршы метр жер тегін беріледі. Сонымен қатар екінші адамға арналған орын қалдыруға заң бойынша рұқсат бар.
Қазір Ақтөбе қаласындағы бірқатар зираттар толып, жабылып жатқандықтан, қала әкімдігі қосымша 65 гектар жер бөлген. Ал сенімгерлік басқарушы компания бұл аумаққа қажетті инфрақұрылым тартылатынын мәлімдеді.
Айта кетейік, бұған дейін Атырау облысындағы ескі қорымдардың бірінде адам сүйектерінің шашылып жатқаны туралы ақпарат тараған еді. Алдын ала мәлімет бойынша, ол қорым ХХ ғасырдың басына тиесілі.