Ақмолада Отбасы күніне орай "Отбасы ағашы" акциясы аясында 55 ағаш отырғызылды
- авторОймақ
- Бүгін, 16:34
- 19
Акция барысында қатысушылар 55 түп ағаш отырғызды. Әрбір көшет отбасылық құндылықтардың, ұрпақтар сабақтастығының және болашаққа деген қамқорлықтың символына айналды. Іс-шараға "Мерейлі отбасы-2025" байқауының жеңімпаздары, көпбалалы және патронаттық отбасылар, еңбек әулеттері, жас жұбайлар және өзге де отбасылардан құралған 40 отбасы қатысты.
Ақмола облысының әкімі Марат Ахметжановтың атынан жиналған қауымды облыстық ішкі саясат басқармасының басшысы Гүлмира Каримова құттықтап, отбасының қоғам мен мемлекет дамуындағы айрықша рөлін атап өтті.
"Отбасы – мемлекетіміздің негізі, елдің тірегі. Қоғамның тұрақтылығы мен дамуы отбасынан басталады. Адам алғаш рет дүниетанымды, жауапкершілікті және отансүйгіштікті отбасында үйренеді. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев айтқандай: “Бақытты әрі берік отбасы – өркендеген қоғам мен мемлекеттің мызғымас негізі”, – деді Гүлмира Каримова.
Шара қонақтарының ерекше ықыласына өткен жылғы "Мерейлі отбасы" облыстық кезеңінің жүлдегерлері – Хамзиндер отбасы ие болды. Жарты ғасырдан астам уақыт бірге ғұмыр кешкен ерлі-зайыптылар Бурабай ауданының құрметті азаматтары саналады.
Салтанатты шараның қорытындысында отбасы бірлігі мен берекесінің нышаны – "Шаңырақ" табысталды. Хамзиндер отбасы оны жас жұбайлар – Мәженовтер отбасына табыстап, ұрпақтар сабақтастығы мен отбасылық дәстүрлерге деген құрметті паш етті.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, бүгін отырғызылған ағаштар өңірдің көркін арттырып қана қоймай, берекелі отбасының қоғамдағы ең басты құндылық екенін еске салып тұратын тағылымды белгіге айналмақ.
Оймақ
Қазақстан және шетел ақпараттарын тарататын, түрлі оқиғаларға мамандар көзқарасы мен арнайы сараптама ұсынатын медиа құралы – Oimaqnews.kz. Ойлана білгенге оймақтай ойдың да берері мол.





