Мұғалімдерді қуантқан жаңалық: Мәжіліс мақұлдаған заң жобасы Сенатқа кетті
- авторОймақ
- Бүгін, 08:57
- 17
Енді мұғалімдер оқушылар үшін оқу процесі кезінде ғана жауапты. Күні кеше Мәжіліс мақұлдаған заң жобасы Сенатқа кетті. Түзетулер арқылы баланың өмірі, денсаулығы мен қауіпсіздігі үшін ата-аналардың жауапкершілігі күшейтіліп отыр, деп хабарлайды Oimaqnews.kz inbusiness.kz сайтына сілтеме жасап.
Депутаттар заң жобасы арқылы педагог мәртебесі нақты қорғалатынына сенім білдірді. Себебі бұл өзгеріс ұстаздарға артық міндет жүктемеуге және олардың негізгі қызметіне назар аударуына мүмкіндік береді.
"Ұсынылған нормалар мұғалімді артық жүктемеден арылтып, оның кәсіби еркіндігін қамтамасыз етеді. Енді педагогтердің білім алушылар алдындағы жауапкершілігі тек оқу процесі барысында ғана айқындалады. Бұл мұғалімді өзіне тән емес функциялардан қорғайды. Сондай-ақ, заң жобасында қағаз және электрондық форматта қатар жүретін "цифрлық бюрократияға" заңнамалық деңгейде тыйым салынады", – деп түсіндірді Мәжіліс депутаты Жанарбек Әшімжан.
Мәжіліс депутаты Асхат Аймағамбетов бұл мұғалімдер үшін өте жақсы жаңалық деп отыр. Айтуынша, заң екі оқылымнан өтіп, Сенатқа жіберілді.
"Құжаттың ішінде бірталай жақсы жаңалықтар бар. Біріншіден, бұл мұғалімдердің және ата-аналардың жауапкершілігі туралы. Енді мұғалім нақты мектепте, сабақта, өзінің лауазымын орындау кезінде болған оқиғаларға жауапты. Алдыңғы жылдары осындай жағдайлар мектептен тыс уақытта болғанда мұғалімдерді, директорлар жұмыстан шығарылып, жауапкершілікке тартылды. Каникулда болған нәрсеге неге мұғалім, директор жауапты болуы керек? Демалыста болған жағдайға неге директор жауапты болып, жұмыстан қуылуы тиіс? Сондықтан біз заңмен нақты бекіттік. Енді мұғалім мұндай жағдайға жауапты болмайды. Ол өзінің сабағында, бала мектепте болғанда, оқу-тәрбие процесі кезінде жауап беруі керек, әрине. Бірақ үйде, көшеде болған нәрсеге жауап бере алмайды", – деді спикер Мәжіліс кулуарында.
Құжатта бюрократиялық мәселелер де шешімін тапқан көрінеді. Енді есептілікті бір мезгілде қағаз әрі электрондық форматта жүргізуге тыйым салынады. Асхат Аймағамбетов қазір цифрландыру заманы екенін еске салды.
"Мұғалімдер, педагогтер есепті цифрлық форматта тапсырады, одан кейін кейбір азаматтар, тексеретін ұйымдар қағаз жүзінде талап етеді. Біз барлық мұғалімді қағазбен қамтамасыз еттік пе? Жоқ. Сондықтан біз заңда нақты көрсеттік: егер есеп қағаз жүзінде болса, онда электронды түрде талап етпеу керек. Егер электронды жүйеге тіркесе, онда не үшін қағаз жүзінде болуы керек деген норма қарастырылды", – деп атап өтті мәжілісмен.
Мәжіліс қабырғасында қабылданған құжатқа ұстаздар қауымы оң пікір білдіріп отыр.
"Бұл заң мұғалім мәртебесін және кәсіби шекарасын түсінуге жасалған маңызды қадам деп ойлаймын. Мұғалім білім беруші болып қалуы керек. Мұғалім ретінде баланың тәрбиесіне, қауіпсіздігіне алаңдаймыз, әрине. Бірақ мұғалімге мектептен тыс уақыттағы барлық жауапкершілікті жүктеу дұрыс емес. Себебі әр баланың өмірі үшін ең үлкен жауапкершілік ата-анада болуы тиіс. Соңғы жылдары педагогке шамадан тыс міндет арту көбейіп кетті. Сондықтан бұл өзгеріс мұғалімнің өзінің негізгі міндетіне, яғни сапалы білім беруге көбірек көңіл бөлуіне мүмкіндік береді деп сенемін. Бала тәрбиесі – мұғалім мен ата-ананың ортақ жұмысы. Мұғалім оқушының мектептегі қауіпсіздігі мен сапалы білім алуына, ал ата-ана мектептен тыс уақыттағы қауіпсіздігі мен тәрбиесіне жауапты болуы қажет", – деді Қадыр Мырза Әлі атындағы BINOM school мектеп-лицейінің ағылшын тілі мұғалімі Қымбат Смағұлова.
Оймақ
Қазақстан және шетел ақпараттарын тарататын, түрлі оқиғаларға мамандар көзқарасы мен арнайы сараптама ұсынатын медиа құралы – Oimaqnews.kz. Ойлана білгенге оймақтай ойдың да берері мол.





