ҚТЖ топ-менеджерлері бір жылда миллиардтан астам сыйақы алған
Бірақ бұл бәрі бірдей сома алды дегенді білдірмейді.
«Қазақстан темір жолы» ұлттық теміржол операторы жоғарғы буын басшылығының 2025 жылғы сыйақысы 27%-ға өсіп, 1 миллиард теңгеден асты, деп хабарлайды Oimaqnews.kz Arasha.kz.сайтына сілтеме жасап.
Ұлттық компанияның шоғырландырылған есептілігіне сәйкес, негізгі басқарушы персоналға төленген төлемдер 1,036 млрд теңгені құраған. 2024 жылы бұл сома 816 млн теңге болған еді. Демек, бір жыл ішінде басшылыққа жұмсалған шығындар шамамен 220 млн теңгеге артқан, деп жазды Орда сайты.
Бұл сомаға директорлар кеңесі мүшелерінің отырыстарға қатысқаны үшін төленетін сыйақылары, басқарма мүшелерінің келісімшарттық жалақылары, салықтар, әлеуметтік аударымдар, пайдаланылмаған демалыстар бойынша резервтер және қызмет нәтижелері бойынша берілетін өзге де төлемдер кіреді.
2025 жылдың соңында компанияның негізгі басқарушы персоналының құрамында 18 адам болды. Шартты түрде алғанда, бір адамға жылына шамамен 57,5 млн теңгеден келеді, бірақ бұл бәрі бірдей сома алды дегенді білдірмейді.
Төлемдердің өсуі «Қазақстан темір жолының» алдағы уақытта IPO-ға шығуға дайындығы аясында орын алуы мүмкін.