Саясат

Астанада ТМҰ елдерінің бизнес-форумы ашылды

Серік Жұманғарин өз сөзінде ТМҰ шеңберіндегі ынтымақтастықты дамыту Қазақстанның сыртқы экономикалық саясатындағы басым бағыттың бірі болып қала беретінін атап өтті.

ҚР Премьер-министрінің орынбасары – ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин «ТМҰ елдерінің экономикалық интеграциясы және кооперациясы: өнеркәсіптегі, АӨК-тегі, логистика мен цифрландырудағы жаңа мүмкіндіктер» атты бизнес-форумның ашылуына қатысты. Форум Астанада Түркі мемлекеттері ұйымы елдерінің мемлекеттік органдарының, қаржы институттарының, сауда-өнеркәсіп палаталарының, халықаралық ұйымдардың, бизнестің өкілдерін біріктірді, деп хабарлайды ҚР Ұлттық экономика министрлігі. Серік Жұманғарин өз сөзінде ТМҰ шеңберіндегі ынтымақтастықты дамыту Қазақстанның сыртқы экономикалық саясатындағы басым бағыттың бірі болып қала беретінін атап өтті. ТМҰ елдері 170 млн-нан астам халқы бар нарық қалыптастырып, айтарлықтай өнеркәсіптік, көліктік, аграрлық және адами әлеуетке ие болып отыр. Әлемдік экономиканың жаһандық трансформациясы және инвестиция, технология мен логистикалық маршрут үшін бәсекелестік күшейген кезде, іс жүзіндегі экономикалық кооперация ерекше маңызға ие. Осыған байланысты декларациялардан бірлескен жобаға, жаңа өндіріске, технологиялық альянстар мен өзара инвестицияларға көшу негізгі міндет болып саналады.

Түркі инвестициялық қорының қызметіне ерекше назар аударылды. Қазақстан ТИҚ-ты ТМҰ елдерінің бірлескен жобаларын қолдаудың негізгі қаржылық тетігінің бірі ретінде қарастырады.

Бастапқы кезеңде Түркі инвестициялық қоры бірлесіп қаржыландыру жобаларына $20 млн-нан бастап бағыттауға дайын. Қазіргі уақытта Алматы халықаралық әуежайының инфрақұрылымын дамытуды қаржыландыруға қордың қатысуы бойынша келіссөз жүргізілуде. Серік Жұманғарин Транскаспий халықаралық көлік бағытын қосқанда, тұрақты көлік маршрутын дамытудың, сондай-ақ Шығыс пен Батыс арасындағы транзит пен сауданың мүмкіндігін кеңейтетін теміржол және порт инфрақұрылымын жаңғыртудың маңыздылығына назар аударды.

Вице-премьер цифрландыру саласындағы ынтымақтастықтың жоғары әлеуетін атап өтті. ТМҰ елдері IT-секторды, стартап-экожүйелерді, цифрлық сервистерді, жасанды интеллект пен инновациялық шешімдерді бірлесіп дамыту үшін көптеген мүмкіндікке ие. Осыған байланысты ол форумға Astana Hub, «Астана» халықаралық қаржы орталығы және басқа да даму институттары өкілдерінің қатысуын құптады. ТМҰ елдерінің бизнес-қауымдастықтары арасындағы өзара іс-қимылды нығайтуға ерекше баса мән беру қажет.

Вице-премьер сөзінің соңында Түркі мемлекеттері ұйымына, Түркі мемлекеттері сауда-өнеркәсіп палаталары одағына, «Атамекен» ҰКП-ға, сондай-ақ форумның барлық әріптестері мен ұйымдастырушыларына бірлескен жұмысы және аймақ елдерінің экономикалық өзара іс-қимылын нығайтуға қосқан елеулі үлесі үшін алғыс білдірді.