Экономика

Баспана нарығы қайта шарықтады: тұрғын үйді алып-сату сұраныста ма?

Бұл туралы Ұлттық статистика бюросы не дейді.

2026 жылғы сәуір айында Қазақстанда тұрғын үйді алып-сату бойынша 35 154 мәміле тіркеліп, нарық белсенділігі айтарлықтай артты. Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, бұл көрсеткіш биылғы наурыз айымен салыстырғанда 23,4%-ға жоғары (наурызда 28 493 мәміле болған), деп хабарлайды Oimaqnews.kz  Qaz365.kz. сайтына сілтеме жасап.

Атырау облысын қоспағанда (-5,6%), еліміздің барлық дерлік өңірлерінде үй саудасының өсімі байқалады. Сәуірде ең жоғары белсенділік Ұлытау (+55,8%), Қызылорда (+49,4%) және Абай (+45,7%) облыстарында тіркелді.

Дегенмен жылдық көрсеткіш бойынша сауда көлемі әлі де төмен болып қалып отыр. Мәселен, биылғы сәуірдегі нәтиже өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 4,6%-ға аз (2025 жылы 36 839 үй сатылған). Жалпы, 2026 жылдың алғашқы төрт айындағы мәмілелер саны өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 4,6%-ға азайған.

Өңірлік тұрғыда жылдық салыстыруда Түркістан облысында сауда 41,5%-ға өсіп, үздік көрсеткіш көрсетсе, Ұлытау облысында нарық керісінше 28,6%-ға құлдыраған. Бұл статистикалық мәліметтер еліміздегі тұрғын үй нарығының біркелкі емес, бірақ біртіндеп қалпына келе бастағанын аңғартады.