Дубайда үш пәтер мен қымбат көлік: Шымкентте колледж арқылы 1,3 млрд теңге жымқырылған
- авторОймақ
- Бүгін, 08:10
- 25
Бұл туралы Қаржылық мониторинг агенттігі мәлімдеді, деп хабарлайды Oimaqnews.kz.
Тергеу мәліметінше, 2018–2023 жылдар аралығында «Оңтүстік Қазақстан жоғары медициналық колледжі» мен «Оңтүстік Қазақстан гуманитарлық-қаржы колледжі» арқылы жалған оқу схемасы ұйымдастырылған.
Іс бойынша колледж құрылтайшысы, оқу орындарының басшылары, бухгалтерлер және басқа да қатысы бар тұлғалар күдікке ілінген.
АФМ дерегіне сүйенсек, азаматтар колледжге тек қағаз жүзінде қабылданып, іс жүзінде оқымаған. Соған қарамастан мемлекеттен білім гранттары мен кадрларды қайта даярлау бағдарламалары арқылы қаржы алынған.
Сондай-ақ тергеу барысында жалған бұйрықтар шығарылып, адамдарды жалған жұмысқа орналастыру, электронды цифрлық қолтаңбаларды пайдалану және жалған актілер жасау фактілері анықталған.
Бұдан бөлек, медициналық колледждегі ақылы бөлім студенттерінің бір бөлігі мемлекет есебінен оқитындар ретінде рәсімделген.
Ал «Оңтүстік Қазақстан гуманитарлық-қаржы колледжі» іс жүзінде жұмыс істемеген. Тергеу мәліметінше, ол тек бюджет қаржысын алу үшін формалды құрылым ретінде пайдаланылған.
Агенттік мәліметінше, схеманы ұйымдастырған адам соңғы үш жыл бойы бұрынғы қылмысы үшін түрмеде отырған. Соған қарамастан, ол заңсыз әрекеттерді қашықтан басқарып отырған.
Тергеу кезінде күдіктілер мемлекетке 65 миллион теңгені ерікті түрде қайтарған. Сот санкциясымен үш пәтерге, оның ішінде Дубайдағы жылжымайтын мүлікке, сондай-ақ үш тұрғын үй мен үш көлікке тыйым салынды.
Қазір екі күдікті қамауға алынса, тағы үш адамға елден шықпау туралы бұлтартпау шарасы қолданылған.
Қылмыстық іс сотқа жолданды.
Оймақ
Қазақстан және шетел ақпараттарын тарататын, түрлі оқиғаларға мамандар көзқарасы мен арнайы сараптама ұсынатын медиа құралы – Oimaqnews.kz. Ойлана білгенге оймақтай ойдың да берері мол.





