ШҚО-дағы шахтада жұмысшы қаза тапты
Шығыс Қазақстан облысындағы «Востокцветмет» компаниясына қарасты Артемьев шахтасында жазатайым оқиға болып, жұмысшы көз жұмды. Бұл туралы Altainews.kz хабарлады.
Алдын ала мәлімет бойынша, қайғылы жағдай 9 мамыр күні жөндеу жұмыстары кезінде болған. Шаң-желдету қызметінің механигі шамамен тоғыз метр биіктіктен құлап кеткен.
Ауыр жарақат алған жұмысшы оқиға орнында қаза тапқан.
Оқиғадан кейін арнайы комиссия құрылып, тергеу басталды. Компания өкілдері жазатайым жағдайдың нақты себептері мен мән-жайы анықталып жатқанын мәлімдеді.
— Жазатайым оқиғаның себептері мен мән-жайын анықтау үшін арнайы комиссия құрылды. Тергеу амалдары жүргізіліп жатыр. Компания қаза тапқан қызметкердің туған-туыстары мен жақындарына көңіл айтады. Оның отбасына барлық қажет көмек көрсетіледі, — деп хабарлады KAZ Minerals өкілдері.