Орал: Су тасқынының шарықтау шегі әлі алда
Су тасқынының шарықтау шегі әлі алда
21 сәуір күні таңертең Жайық өзеніндегі су деңгейі қауіпті межеден асып, 8,5 метрді құрады. Өзен жайылмасында орналасқан саяжай алаптары су астында қалып, Жайық және Шаған өзендерінің маңындағы шағын аудандарға су келді.
Орал қаласында су тасқынына қарсы іс-шаралар күшейтілген режимде жүріп жатыр.
Қорғаныс құрылыстарын нығайту шараларына облыс бойынша 10,6 мыңнан астам адам және қала бойынша 6,4 мың адам, сондай-ақ Қазақстанның басқа өңірлерінен тартылған 2 мыңнан астам техника жұмылдырылған.
Вице-премьер Қанат Бозымбаев су тасқынына қарсы тұру үшін Маңғыстау, Ақтөбе облыстарынан, Астана мен Алматыдан тағы 500 әскери қызметші мен құтқарушыны БҚО-ға жіберуді тапсырды.
ТЖМ және Қорғаныс министрлігі желісі бойынша 200 адам Оралға келіп, жұмысқа кірісті.
Қанат Бозымбаев Оралдың периметріндегі су тасқынына қарсы қорғаныс құрылыстарын тексерді.
Су тасқынының шарықтау шегі әлі алда деп күтіліп отыр.
Осыған байланысты вице-премьер тасқын қаупі бар аймақ өзендерінің бойындағы жер бөгеттерін тағы бірнеше метрге көтеруді тапсырды.
БҚО ауылдарында жағдай тұрақты және бақылауда.
Су тасқыны кезеңі басталғалы өңірдегі Жайық және Шаған өзендерінің бойында 136 шақырымнан асатын бөгет салынды.
Оның ішінде Орал қаласында осындай бөгет 45 шақырымға жетті.