АҚШ конгресмендері Украинаға қомақты көмек беру қарастырылған заңды мақұлдады
АҚШ Конгресінің өкілдер палатасы Украинаға 61 млрд долларға жуық көмек беруге мүмкіндік ашатын заңды қабылдады. Осылайша біршама үзілістен соң АҚШ-тың әскери көмегі Киевке келе бастайтын сыңайлы.
Қазақстан уақытымен сенбіден жексенбіге қараған кеште АҚШ Конгресінің өкілдер палатасы Украинаға көмек беруді қарастыратын заңды қабылдады. Заң Сенаттан өтсе, Уашингтон Киевке 61 млрд долларлық көмек береді.
Сонымен қатар Өкілдер палатасы Ресейдің бұғатталған активтерін Украинаға беруді де мақұлдады. АҚШ-та бұғатталған Ресей активтерінің көлемі 8 млрд доллар шамасында.
Сондай-ақ Конгресте Тайвань мен АҚШ-тың Үнді және Тынық мұхиттарындағы одақтастарына көмек көрсетуге бағытталған заңдар да қабылданды. Сонымен бірге Израильге де көмек берілетін болды. Көлемі шамамен 27 млрд доллар.
Ал В.Зеленский конгресмендерге алғыс білдірді.