Қоғам

Шымкентте тегін бассейн үшін ата-аналар есік бұзып кірді

Шымкентте жаңа оқушылар сарайында балаларды жүзу секциясына жазу нағыз таласқа айналды.

Тегін болған соң, бар болғаны 50 орынға жүздеген ата-ана лап қойған. Кейбірі түннен бастап кезекке тұрғанымен, таңертең есік алдында иін тірескен адам көбейген.
Кадрлардан ата-аналардың есіктен итерісіп, ішке кіре алмай жатқанын көруге болады. Бұл жағдай әлеуметтік желіде қызу талқыланып жатыр. Қалалық білім басқармасы мұны «қалыпты жағдай» деп, халық санының өсуімен түсіндірді. Алайда жұрт «неге сұранысқа сай орын көбеймейді?» деп ашулы.
Жазыла алмаған балалардың бір бөлігі қауіпсіздігі күмәнді субұрқақтарда шомылып жүр. Мамандар мұның денсаулыққа қауіпті екенін ескертеді. Ал ата-аналарға таңдау қалмаған: не кезекте тұрасың, не балаң суда ойнай алмайды.