Дональд Трамп Ормуз бұғазындағы азат ету операциясының басталғанын мәлімдеді
- авторОймақ
- Бүгін, 10:26
- 12
Трамптың айтуынша, "әлемнің көптеген елдері" Вашингтонға Ормуз бұғазында АҚШ пен Иран арасындағы қақтығыс салдарынан тоқтап қалған кемелерін босатып жіберу туралы өтінішпен жүгінген.
"Иранның, Таяу Шығыстың және АҚШ-тың игілігі үшін біз бұл елдерге олардың кемелерін осы шектеулі су жолдарынан қауіпсіз алып өтетінімізді айттық. Осылайша олар өз істерін еркін әрі толық жалғастыра алады. Бұл процесс “Project Freedom” (бостандық жобасы) деп аталады және ол дүйсенбі күні таңертең Таяу Шығыс уақыты бойынша басталады", – деп жазды АҚШ президенті.
Сонымен қатар Дональд Трамп операцияға кедергі жасалса, АҚШ күш қолданатынын ескертті.
АҚШ Қарулы күштерінің Орталық қолбасшылығының (CENTCOM) мәліметінше, Ормуз бұғазы арқылы кемелердің қауіпсіз өтуін қамтамасыз етуге бағытталған “Еркіндік” операциясына эсминецтер, әскери ұшақтар және 15 мыңға жуық әскери қызметкер тартылады.
Бұған дейін Трамп Иранның мұнай инфрақұрылымына соққы жасағанға дейін үш күн уақыт берген еді. БАҚ-тың мәліметінше, америкалық көшбасшы жаһандық тепе-теңдікке әсер ететін "жою таймерін" іске қосқанын айтқан.
"Иранның мұнай инфрақұрылымы жарылуына шамамен 3 күн қалды. Бұл соғыс жақын арада аяқталады және біз үлкен жеңіске жетеміз", – деді ол.
Haberler басылымы “бұл мәлімдеме АҚШ-тың Иранның аса маңызды мұнай нысандарына қарсы ауқымды әскери операцияға дайындалып жатыр дегенді білдіріп, аймақтағы шиеленісті ең жоғары деңгейге дейін күшейтті” деп жазды.
Оймақ
Қазақстан және шетел ақпараттарын тарататын, түрлі оқиғаларға мамандар көзқарасы мен арнайы сараптама ұсынатын медиа құралы – Oimaqnews.kz. Ойлана білгенге оймақтай ойдың да берері мол.






