Спорт

Ерейментауда дзюдодан республикалық турнирдің ашылу салтанаты өтті

2026 жылдың 1–4 мамыр аралығында Ақмола облысының Ерейментау қаласында дзюдодан 15-ші дәстүрлі республикалық турнир өтіп жатыр.

Аталған жарыс Ерейментау балалар-жасөспірімдер спорт мектебінің бапкерлерін еске алуға арналған.

Турнирге еліміздің әр өңірінен келген спортшылар қатысуда. Атап айтқанда, Қарағанды, Қостанай, Павлодар, Ақмола, Ақтөбе, Абай, Атырау, Түркістан және Батыс Қазақстан облыстары, сондай-ақ Астана және Шымкент қалаларының балуандары бақ сынауда. Сонымен қатар жарысқа Ресей, Моңғолия және Қырғызстан мемлекеттерінен келген спортшылар да қатысып жатыр. Жалпы қатысушылар саны 500-ге жуық спортшыны құрайды.

Жарыстың ашылу салтанатында Қазақстан Республикасы Туризм және спорт министрлігі Спорт және дене шынықтыру істері комитетінің төрағасы Руслан Бақыттыұлы Есеналин құттықтау сөз сөйлеп, турнирдің маңыздылығына тоқталды.

Ол өз сөзінде бұл турнирдің тек спорттық дода ғана емес, сонымен қатар жастарды тәрбиелеуге зор үлес қосқан бапкерлердің еңбегіне көрсетілген құрмет екенін атап өтті. Сонымен бірге, мұндай жарыстардың спортшылар арасында тәжірибе алмасуға және достық қарым-қатынасты нығайтуға ықпал ететінін жеткізді.