бейсенбі, 30 сәуір, 2026 12:54

Қазақстан және шетел ақпаратын тарататын, түрлі оқиғаларға мамандар көзқарасы мен арнайы сараптама ұсынатын медиа құралы – Oimaqnews.kz. Ойлана білгенге оймақтай ойдың да берері мол.

Байланыс

"Білім шығыстарын аудандық деңгейге беру — алға басу емес": Бибігүл Асылова білім саласындағы рфеорм аға қатысты пікір білдірді

"Білім шығыстарын аудандық деңгейге беру — алға басу емес": Бибігүл Асылова білім саласындағы рфеорм аға қатысты пікір білдірді
ortcom.kz
Ол мұндай модель Қазақстанда бұрын да қолданылған және өзінің тиімділігін дәлелдей алмағанын айтады.

Білім саласына бөлінетін шығындарды аудандық деңгейге өткізу жүйелі іркілістерге әкеп соғып, өңірлер арасындағы теңсіздікті тереңдете түсуі мүмкін. Бұл туралы талқыланып жатқан реформаға қатысты пікір білдірген бұрынғы Білім вице-министрі Бибігүл Асылова мәлімдеді, деп хабарлайды Oimaqnews.kz  Qaz365.kz.сайтына сілтеме жасап. 

Оның айтуынша, мұндай модель Қазақстанда бұрын да қолданылған және өзінің тиімділігін дәлелдей алмаған. Ал қазіргі жағдайда оны қайта енгізу қауіптірек болмақ.

«Білім шығыстарын аудандық деңгейге беру — алға басу емес, кері шегіну сияқты көрінеді. Мұндай тәжірибе 30 жылдан астам уақыт бойы қолданыста болды және ешқандай жоғары нәтиже көрсеткен жоқ», – деді Бибігүл Асылова.

Сарапшы бұл жерде әңгіме орасан зор қаржы туралы болып отырғанын ескертті. Оның пайымдауынша, жүйе мұндай ауыр жүктемені көтере алмай қалуы мүмкін.

«Қазір шамамен 5 триллион теңге туралы сөз болып отыр. Бұл — бұрын-соңды болмаған қаржы көлемі, жүйе мұндай ауқымдағы қаражатпен жұмыс істеп көрген емес», – деп атап өтті ол.

Асылованың пікірінше, ең басты қауіп – аудандық буынның мұндай ресурстарды басқаруға дайын еместігінде. Ол көптеген аудандарда тиісті қаржы қызметтерінің жоқтығын алға тартты.

«Аудан деңгейінде мұндай қаражатты тұрақты басқара алатын толыққанды жасақталған қаржы қызметтері жоқ. Бұл жұмыстың тұралап қалуына, қателіктер мен төлемдердің кешігуіне әкеп соғады», – деп баса айтты экс-вице-министр.

Сонымен қатар, реформа басқару процесі мен шешім қабылдау тетігін қиындатып жіберуі мүмкін.

«Шешімдерді ондаған облыстық сессия мен жүздеген аудандық, қалалық мәслихаттар арқылы үйлестіру қажет болады. Тәжірибеде бұл жалақы төлеудің кешігуі сияқты мәселелерге соқтырған болатын», – деді Асылова.

Тағы бір өзекті мәселе — цифрландыру және қаржы ағындарының ашықтығы. Экс-министрдің айтуынша, барлық аудандардан деректерді жинап, біртұтас жүйеге топтастыру — өте күрделі міндет. Бірыңғай цифрлық есеп болмаса, басқару мен бақылау сапасы төмендейді.

Асылова білім мен денсаулық сақтау сияқты салалық ерекшеліктерді ескерудің маңыздылығын да айтты:

«Инфрақұрылымды орталықтан басқаруға болар, бірақ қызметтің өзі салалық мекемелердің құзырында қалуы тиіс».

Децентрализация процесі қосымша теңестіру тетіктерінсіз жүзеге асса, өңірлер арасындағы алшақтықты ұлғайта түспек.

«Облыстық деңгей аумақтар арасындағы айырмашылықтарды теңестіруге мүмкіндік береді. Ал теңестіру тетіктері болмаса, өкілеттіктерді бөліп беру теңсіздікті күшейтеді», – деп есептейді маман.

Дегенмен, ол аудандардың өкілеттігін кеңейтуден түпкілікті бас тарту керек деген ойдан аулақ. Тек басымдықтарды басқаша белгілеу қажет деп санайды.

«Аудан әкімдеріне көбірек дербестік берілуі керек, бірақ білім беру бюджетін бөліске салғаннан көрі, назарды экономиканы дамытуға, жұмыс орындарын ашуға және салық базасын кеңейтуге аударған әлдеқайда қисынды», – деп түйіндеді сөзін Бибігүл Асылова.

Оймақ
Автор

Оймақ

Қазақстан және шетел ақпараттарын тарататын, түрлі оқиғаларға мамандар көзқарасы мен арнайы сараптама ұсынатын медиа құралы – Oimaqnews.kz. Ойлана білгенге оймақтай ойдың да берері мол.

Ұқсас жаңалықтар