Жанәбіловтер соты: Эльмира Төлегенова соңғы сөзін айтып, өз кінәсін мойындап, соттан жеңілдік сұрады.
Соттағы соңғы сөзінде Эльмира Төлегенова өздері үшін бұл жағдай үлкен өмірлік сабақ болғанын атап өтті.
"Біз өзіміз үшін үлкен қорытынды жасадық. Осы жағдай бізге өмірлік сабақ болды. Заң бұзғанымызға шын жүректен өкініш білдіреміз. Құрметті сот, маған және жұбайыма бас бостандығынан айырмайтын жаза тағайындап, жеңілдік танытуыңызды сұраймын. Сондай-ақ, құрметті сот, өз құқығымды пайдалана отырып, сіз кеңесу бөлмесіне кеткенге дейін процессуалдық келісім жасасу туралы өтініш білдіремін", – деді Эльмира Төлегенова.
Эльмира Төлегенова аталған келісімнің шарты мен құқықтық салдары толық түсіндірілгенін айтты.
Тергеу тарапы сотталушылардың өтінішіне қатысты өз ұстанымын білдірді.
“Құрметті сот, сотталушылардың позициясын нақтылап алғым келеді: бұл өтінішті тек өзі ғана мәлімдеді ме, әлде сотталушы Ерболат Жанәбілов те процестік келісім жасауға ниет білдіре ме? Екінші мәселе Қылмыстық-процестік кодексте көрсетілген талаптарға сәйкес, мұндай келісім жасау үшін сотталушылар кінәсін толық мойындауы тиіс”, – деді прокурор.
Ал адвокат Гаухар Айтжанова барлық шарт пен салдар түсіндірілгенін айтты. Ал келісім шарттарының өзі құпия саналады деді.
Cудья бір сағаттық үзіліс жариялады.
Еске салайық, 2026 жылғы 13 наурызда Астана қаласының қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық сотында блогерлер Ерболат Жанәбілов пен Эльмира Төлегеноваға қатысты іс қарала бастады. Айыпталушылар мен олардың адвокаты сот процесін жабық форматта өткізуді сұрағанымен, сот бұл өтінішті қанағаттандырмады. Алайда сот отырысы кезінде БАҚ өкілдеріне фото және бейнетүсірілім жасауға тыйым салу туралы өтініштері мақұлданды.