Қоғам

Қызылордада еліміздегі үшінші Президенттік кітапхананың іргетасы қаланды

Облыста Ұлттық кітап күніне орай, үшінші Президенттік кітапхананың іргетасын қалау рәсімі өтті.


 
Бүгін Ұлттық кітап күні облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев, кәсіпкер- меценат Эдуард Огай, Қазақстанның Еңбек Ері Абзал Ералиев, , құқық қорғау органдарының басшылары, зиялы қауым өкілдерінің қатысуымен еліміздегі үшінші Президенттік кітапхананың іргетасын қалау рәсімі өтті.

Аймақ басшысы жиналған жұртшылықты 23 сәуір – Ұлттық кітап күнімен, кітапханашылардың кәсіби мерекесімен  және жаңа кітапхана құрылысының басталуымен құттықтады.

Демеушілікпен 20 млрд. теңгеге салынатын, аумағы 13 мың шаршы метр, сәулетті, жаңа кітапхана заманауи талаптарға сай болады. Ғимаратта оқу, конференц, басылым, архив пен сирек қорға арналған залдар, электрондық кітапхана, әлем әдебиеті бөлімі мен өнер галереялары, көрме, коворкинг орталықтары, қалпына келтіру шеберханасы қарастырылған.

Рәсімде Эдуард Викторович, Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі Шәкизада Әбдікәрімов сөз сөйледі.

Айта кету керек, 2022 жылдан бері өңірде 22 мәдениет нысаны жаңадан салынып, ел игілігіне берілді. Барлық ауданда «Руханият орталықтары» ашылды. Облыстың бас шаһарында «Өнер орталығы», «Анаға тағзым», «Отбасы орталығы», «Оқушылар сарайы» бой көтерді.

Былтыр Қызылорданың астана болғанына 100 жыл толуына орай облыстық тарихи-өлкетану музейінің, Ассамблеяның 30 жылдығына орай «Қазатомөнеркәсіп» компаниясының қолдауымен «Достық үйінің» жаңа ғимараты салынды.

Кейінгі жылдары  «Сыр жұлдыздары» академиясы, Жалағаш, Жаңақорған, Шиелі аудандарында «Өнер мектебі» мен «Оқушылар үйі» іске қосылды.