Алматы облысына қарасты Талғар ауданында тағы да сұмдық жағдай болды. Гүлдала ауылындағы мейрамханалардың бірінде 20 жастағы жігітті бір топ адам пышақтап, өлтіріп кетті, деп хабарлайды Oimaqnews.kz Azattyq Rýhy. сайтына сілтеме жасап.
Желідегі мәліметке сүйенсек, 10-нан аса адам жас жігітті қоршап алып, аяусыз соққыға жыққан. Салдарынан жас жігіт алған жарақатынан сол жерде тіл тартпай кеткен.
«Қолымызда видео түріндегі дәлеліміз, 30-дан аса куәгеріміз бар. Одан бөлек, біздің отбасымызға қысым жасалып жатыр, бізге келісімге келіп, татуласқанымыз жөнінде қағаздарға қол қоюымызды күштеп жатыр. Осылайша жауапкершіліктен қашып кетпекші. Бірақ біз үнсіз қалмаймыз. Бізге жеткен мәліметтер бойынша, қатысушылардың бірі – Ильшат Тұрғанов осыған дейін де ұқсас жағдайларда болған», – дейді марқұмның қарындасы Зифая Абдрим.
Алматы облысының Полиция департаменті агенттік тілшісіне болған жағдайды растап, оқиға бойынша қылмыстық іс қозғалғанын мәлім етті.
«Гүлдала ауылындағы мейрамханалардың бірінде 12 сәуір күні болған кісі өлтіру және бұзақылық фактілері бойынша полиция қызметкерлері екі қылмыстық іс қозғады. Жедел-іздестіру шаралары барысында және дер кезінде таратылған бағдарлар арқасында 20 жастағы күдікті ұсталып, қамауға алынды. Сонымен қатар бұзақылық дерегі бойынша тағы үш күдікті ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды. Оның ішінде екеуіне қатысты сот үйқамақ түріндегі бұлтартпау шарасын таңдады. Ал кәмелетке толмаған күдіктіге қоғамнан оқшаулаумен байланысты емес бұлтартпау шарасы қолданылды», – делінген Полиция департаментінің хабарламасында.
Оқиғаға қатысты барлық куәгер анықталып, қылмыстық іс аясында жауап алынды.
Қазіргі уақытта оқиғаның барлық мән-жайын жан-жақты, толық және объективті зерттеуге бағытталған қажетті тергеу әрекеттері жүргізіліп жатыр. Барлық тараптардың уәждері мұқият тексеріліп жатыр.
Тергеу барысы Алматы облысы Полиция департаменті басшылығының ерекше бақылауында.
Оймақ
Қазақстан және шетел ақпараттарын тарататын, түрлі оқиғаларға мамандар көзқарасы мен арнайы сараптама ұсынатын медиа құралы – Oimaqnews.kz. Ойлана білгенге оймақтай ойдың да берері мол.






