«Мұхтар Шахановтың жарқын бейнесі халқымыздың жадында мәңгі сақталады» – Қасым-Жомарт Тоқаев ақынның қайтыс болуына байланысты көңіл айтты
- авторОймақ
- Бүгін, 10:11
- 19
Парламент Сенатының Төрағасы Мәулен Әшімбаев Мемлекет басшысының тапсырмасымен белгілі қоғам қайраткері, көрнекті ақын, Қазақстанның Еңбек Ері Мұхтар Шахановпен қоштасу рәсіміне қатысты. Алматы қаласында Абай атындағы Қазақ ұлттық опера және балет театрының ғимаратында өткен қаралы жиынға ақынның жақын туыстары, үзеңгілес достары, зиялы қауым өкілдері және оқырмандары жиналды.
Сенат Төрағасы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың ұлт перзенті, ақын, қоғам қайраткері, Халық жазушысы, Қазақстанның Еңбек Ері Мұхтар Шахановтың отбасы мен жақындарына жолдаған көңіл айту жеделхатын оқып берді.
«Мұхтар Шаханов бар ғибратты ғұмырын қастерлі сөз өнеріне арнап, қазақ поэзиясын жаңа белеске көтерген, төл әдебиетіміз бен мәдениетіміздің көкжиегін кеңейтуге елеулі үлес қосқан қоғамымыздың тұғырлы тұлғасы еді. Әрқашан тіл жанашыры ретінде игілікті істердің бастауында болды. Шығармалары көптеген шет тілдеріне тәржімаланды, жалынды жырларын қалың оқырман сүйіп оқыды. Өнегелі өмір сүріп, соңына мол әдеби мұра қалдырған Мұхтар Шахановтың жарқын бейнесі халқымыздың жадында мәңгі сақталады», – делінген Президенттің көңіл айту жеделхатында.
Мәулен Әшімбаев қаламгердің жақындарына көңіл айтып, Мұхтар Шаханов рухы биік ақын, ұлттың намысын қайраған бірегей тұлға болғанын тілге тиек етті. Сенат Төрағасы Халық жазушысының шығармашылығында азаматтық үн мен өршіл рух үйлесім тапқанын, ол саналы ғұмырында халқына адал қызмет еткенін атап өтті.
«Мұхтар Шаханов қаламгерлік пен қайраткерлікті қатар ұстаған тұлға еді. Ол қай кезеңде де әділеттіліктің туын көтеріп, ұлт мүддесін қорғаудан тайынған жоқ. Кеңестік кезеңнің өзінде Арал тағдырына араша түсуі ағамыздың айқын азаматтық ұстанымын көрсетеді. Тіл мәселесіне келгенде де Мұхтар Шаханов әрдайым алдыңғы шептен көрінді. Желтоқсан оқиғасының ақ-қарасын анықтау жолындағы азаматтық ерлігін де айрықша атап өткен жөн. Ақын ұлттық құндылықтарды жаңғыртуға, оның ішінде Наурыз мейрамының қайтадан халықтық сипат алуына да зор үлес қосты. Ұлттық дипломатия мен парламентаризмді нығайту ісінде де айқын қолтаңбасын қалдырды. Оның қайсар мінезі мен жоғары парасат-пайымы ұлтқа қызмет етудің озық үлгісі және жас ұрпақ алдындағы жауапкершіліктің жарқын көрінісі болып қала беретіні анық», – деп, Мәулен Әшімбаев қайраткер қаламгердің мемлекеттік қызметтегі және Парламент депутаты ретіндегі еселі еңбегіне назар аударды.
Айта кетейік, Мұхтар Шаханов 84 жасқа қараған шағында дүниеден өтті. Ақынның соңында әлем мойындаған және ондаған тілге аударылған мол шығармашылық мұра қалды.
Оймақ
Қазақстан және шетел ақпараттарын тарататын, түрлі оқиғаларға мамандар көзқарасы мен арнайы сараптама ұсынатын медиа құралы – Oimaqnews.kz. Ойлана білгенге оймақтай ойдың да берері мол.
Бүгін доллар қанша теңгеге бағаланып жатыр
Ұқсас жаңалықтар
Қасым-Жомарт Тоқаев мен Ухнаагийн Хурэлсух шағын құрамда келіссөз жүргізді
- авторОймақ
- 21 сәуір, 2026
Дала дипломатиясы: Қазақстан - Моңғолия серіктестігі жаңа кезеңге қадам басты
- авторОймақ
- 20 сәуір, 2026






