Экономика

Миллиондаған адамдар зейнетақысыз қалуы мүмкін

Ресми тіркеусіз жұмыс істеу деректері көбіне ауыл шаруашылығы, сауда және құрылыс салаларында кездеседі.

Қазақстанда 2,3 миллионға жуық адам жұмыс істегенімен, Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорына (БЖЗҚ) ешқандай аударым жасамайды. Finprom.kz сарапшыларының мәліметінше, еліміздегі 9 миллионға жуық жұмыспен қамтылған халықтың тек 7 миллионы ғана жүйелі түрде зейнетақы жарналарын төлеп отыр, деп хабарлайды Oimaqnews.kz Qaz365.kz.сайтына сілтеме жасап,

Зерттеу нәтижелері көрсеткендей, шамамен 942 мың адам ешқандай ресми тіркеусіз еңбек етуде. Олардың қатарында өзін-өзі жұмыспен қамтығандар немесе жұмыс берушімен еңбек шартын жасаспағандар бар. Алайда, «көлеңкелі аймақтың» ауқымы бұдан да кең: көптеген азамат ресми түрде жұмысқа тұрғанымен, жұмыс берушілер олар үшін міндетті зейнетақы жарналарын аудармай келеді.

Статистика бойынша, ресми тіркеусіз жұмыс істеу деректері көбіне ауыл шаруашылығы, сауда және құрылыс салаларында кездеседі. Мұндай жұмысшылардың ең көп үлесі Алматы, Жамбыл және Батыс Қазақстан облыстарына тиесілі. Сарапшылар елдегі жұмыспен қамту көрсеткіші өскенімен, болашақ зейнетақысын нақты жинап жатқандар санының артпай отырғанына алаңдаушылық білдіруде.

Бұл жағдай болашақта миллиондаған қазақстандықтың базалық әлеуметтік кепілдіктерсіз және лайықты зейнетақысыз қалу қаупін тудырады.