Саясат

Сенат Төрағасы Самарқандта қазақ-өзбек зиялылары форумына қатысты

Сапар аясында ол Самарқанд қаласында өткен Қазақ және өзбек ғылыми-шығармашылық зиялыларының екінші форумында сөз сөйледі.

Парламент Сенатының Төрағасы Мәулен Әшімбаев бір топ депутатпен және Қазақстанның зиялы қауым өкілдерімен бірге Өзбекстанға барды. Сапар аясында ол Самарқанд қаласында өткен Қазақ және өзбек ғылыми-шығармашылық зиялыларының екінші форумында сөз сөйледі. Сондай-ақ Қазақстан Республикасы Парламенті Сенаты мен Өзбекстан Республикасы Олий Мәжілісі Сенаты арасындағы Ынтымақтастық жөніндегі комиссияның отырысына қатысты. Олий Мәжіліс Сенатының Төрағасы Танзила Нарбаевамен екіжақты кездесуде көпжақты өзара іс-қимыл мен өңіраралық байланыстарды нығайту мәселелері әңгімеге арқау болды, деп хабарлайды Oimaqnews.kz 

Қазақ және өзбек зиялыларының форумы осымен екінші рет өткізіліп отыр. Іс-шарада сөз сөйлеген Мәулен Әшімбаев екі ел тәуелсіздігінің 35 жылдығы тұсында өтіп жатқан бұл кездесудің символдық мәні зор екенін айтты. Сондай-ақ ол Қазақстан мен Өзбекстан мемлекеттілікті қалыптастыру кезеңін табысты аяқтағанын, енді жаңа стратегиялық мақсаттарды айқындайтын уақыт келгенін атап өтті. Сенат Төрағасы Мемлекет басшыларының Қазақстан мен Өзбекстанның қарым-қатынасын одан әрі бекемдеуге бағытталған саяси бағдары екіжақты ынтымақтастықты нақты мазмұнмен толықтырып, бүкіл аймақтың тұрақтылығын нығайтып отырғанына назар аударды.

Мәулен Әшімбаев Форум алаңында екі елдің ғалымдары мен мәдениет қайраткерлерінің бас қосуы аймақтың мүддесін ілгерілетуге ықпал етіп, Орталық Азиядағы ауқымды мәдени жаңғыру үдерісін айшықтай түсетінін атап өтті.

Сонымен қатар ол ғылыми және шығармашылық зиялы қауым арасындағы ынтымақтастықтың бірнеше негізгі бағытына тоқталып, тараптар бірлесіп пысықтауға тиіс міндеттерге тоқталды. Атап айтқанда, ғылыми және технологиялық дербестік, білім беру бағдарламалары, өнер саласы мен креативті индустрияны дамыту мәселелеріне ерекше мән берілді.

Форумға қатысушылар Орталық Азиядағы зияткерлік және мәдени байланысты нығайту аймақты ғылым, білім, өнер саласындағы әлемдік көшбасшылар қатарына қайта қосудың басты кілті екеніне ерекше тоқталды.

Өз кезегінде Олий Мәжіліс Сенатының Төрағасы Танзила Нарбаева Форум идеяларын қолдағаны үшін Қазақстанға алғыс білдірді. Сондай-ақ ол қазақ пен өзбек халықтарының ынтымақтастығының негізгі мақсаты мәдени-гуманитарлық байланыстарды кеңейту және өзара іс-қимылдың өзге де маңызды салаларын ілгерілету екенін айтты.

Іс-шара барысында екі елдің көрнекті ғылым, мәдениет және өнер қайраткерлері – Қазақстанның халық жазушысы Төлен Әбдік, Өзбекстан Ғылым академиясының президенті Шавкат Аюпов, ҚР Президенті жанындағы Ұлттық ғылым академиясы вице-президенті Асқар Жұмаділдаев, Әлішер Науаи атындағы Ташкент мемлекеттік өзбек тілі және әдебиеті университетінің ректоры Шухрат Сираджиддинов, жазушы Әлібек Асқаров, Ұлттық археология орталығының директоры Фарход Максудов, академик Е.А.Бөкетов атындағы Қарағанды ұлттық зерттеу университетінің ректоры Нұрлан Дулатбеков, Өзбекстан Ғылым академиясы Мемлекет және құқық институтының директоры Мурод Турсунов, сондай-ақ, «Целинный» заманауи мәдениет орталығының директоры Жәмилә Нұрқалиева сөз сөйлеп, мәдени-гуманитарлық ынтымақтастықты нығайтудың басым бағыттары жөнінде өз пікірлерін білдірді.

Ұсынылған жобалар Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы гуманитарлық байланысты дамытуды және мәдениет пен білім беру ісінде жүйелі түрде тәжірибе алмасудың негізін қалауды көздейді. Ғылым, әдебиет және өнер салаларындағы күш-жігерді ортақ мүддеге жұмылдыру серіктестіктің жаңа кезеңіне жол ашып, екі мемлекеттің өзара жақындасуын одан әрі жеделдете түсетіні анық. Айта кетейік, Қазақстан мен Өзбекстанның ғылым және шығармашылық саладағы зиялыларының бірінші форумы былтыр Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен Астана қаласында өтті.

Өзбекстанға сапар барысында Мәулен Әшімбаев бүгін Танзила Нарбаевамен екіжақты кездесу өткізді. Одан кейін Палата Төрағалары Қазақстан Республикасы Парламенті Сенаты мен Өзбекстан Республикасы Олий Мәжілісі Сенаты арасындағы Ынтымақтастық жөніндегі комиссияның бесінші отырысына қатысты. Сенаторлар комиссия жұмысының аралық қорытындыларын шығарып, түрлі саладағы бірлескен жобаларды талқылады.

Отырыс кезінде қатысушылар өңірлік және парламентаралық ынтымақтастықты, оның ішінде халықаралық ұйымдар аясындағы өзара іс-қимылды одан әрі дамыту мәселелерін де талқылады.