"Сен жедел жәрдем шақыра аласың" – дәрігер жауап берді
Бүгін сотқа дәрігер-неонатолог Ерсұлтан Сәрсенбаев келді.
Әйелін аса қатігездікпен өлтірді деп айыпталған экс-министр Қуандық Бишімбаевтың соты бүгін де жалғасып жатыр. Бүгін сотқа дәрігер-неонатолог Ерсұлтан Сәрсенбаев келді. Оған 2023 жылдың 9 қарашасында түстен кейін Салтанат әл үстінде жатқанда Байжанов қоңырау шалады.
Ерсұлтан Сәрсенбаев Ана мен бала орталығының дәрігер-реаниматолог болып жұмыс істейді. Байжановпен 2023 жылдың қазан айында, қайғылы оқиғадан он шақты күн бұрын танысқан екен. Куәгердің айтуынша:
"9 қараша күні, түстен кейін ұйықтап жатқанымда маған Бақытжан қоңырау шалып, «адам мас кезінде ұзақ ұйықтауы мүмкін бе?» деп сұрады. «Жеңеше масайып, ұйықтап қалды» деді. Қаншалықты ішкенін сұрап едім, «таңертеңге дейін» деді. «Мен нарколог емеспін, бірақ масайған кезде ол да қауіпті, жедел жәрдем шақырыңдар» деп айттым. Оянғасын Бақытжанға қоңырау шалып, не болды деп сұрап едім, ол әлі ұйықтап жатқанын айтты. «Бақытжан, оның жағдайы жақсы ма өзі? Төбелес болды ма?» деп сұрадым. Бақытжан «бір көзі қызарған, таңға дейін ішкен» деді.
Одан кейін Байжанов оны сол жерге шақырған. Дәрігер келе алмайтынын айтыпты.
Ерсұлтан Сәрсенбаев оған (Байжановқа) “көп ішкен де қауіпті” екенін ескерткенін айтады. Байжанов нашатыр спиртін алуға Ерсұлтан Сәрсенбаев кеңес бермегенін айтты. Байжанов оған жеңгесінің қорылдап жатқанын айтқанын жеткізді. Сұрақ-жауап барысында прокурор Сәрсенбаевтың тергеу кезінде берген жауабын оқып, “жеңгесі мен ағасының салғыласқанын, жеңгесінің көзі қызарғанын айтты” деген сөзіне есіне салды. Сәрсенбаев тергеу кезінде берген жауабын растады.
Сәрсенбаев Байжанов Бишімбаевтың бауыры екенін, шын мәнінде Гастро-орталықтың иесі Бишімбаев екенінен де хабарсыз екенін айтты.