Қоғам

Алматыдағы көлік жуу орындары мен моншалар жаппай тексерілмек

Алматыда суық сумен жабдықтау және кәріз жүйесі қызметін тұтынушыларды ауқымды тексеру басталды. Көлік жуу орындары, моншалар, қоғамдық тамақтану орындары мен кәсіпорындар ерекше бақылауға алынбақ. Бұл шара заңбұзушылықтарды анықтап, су шығынын азайтуға бағытталған, деп жазады Tengrinews.kz тілшісі.

Алматы Энергетика және сумен жабдықтау басқармасының мәліметінше, тексерудің белсенді кезеңі қалалық түгендеу аясында өтіп жатыр. Оның мақсаты — су пайдалану саласында тәртіп орнатып, ресурстарды есепке алудың ашықтығын қамтамасыз ету.

Не тексеріледі?

"Алматы Су" ШЖҚ МКК мамандары абоненттердің су және кәріз қызметтерін пайдалану қағидаларын сақтауын тексереді. Заңсыз қосылу, есептегіш құралдардың жұмысына араласу және нақты тұтыну көлемін азайтып көрсету фактілерін анықтауға басымдық беріледі.

Сонымен қатар инженерлік желілердің техникалық жай-күйі бағаланып жатыр. Тексеріс тиімділігін арттыру үшін қала учаскелерге бөлініп, сол жерлерде мобильді топтар жұмыс істейді.

Тәуекел аймағында кімдер бар?

Суды көп тұтынатын нысандарға баса назар аударылады. Олардың қатарында көлік жуу орындары, моншалар, мейрамханалар, сауда орталықтары мен өнеркәсіптік нысандар бар.

Мұндай ұйымдар үшін суды қайта пайдалану жүйелері мен жергілікті тазарту қондырғыларының болуы міндетті талап.

Заңбұзушылықтар мен шаралар

Алғашқы апталардың қорытындысы бойынша 100-ден астам заңбұзушылық анықталды. Олардың ішінде:

суды келісімшартсыз пайдалану;

есептеу құралдарының жұмысына араласу;

тазартылмаған ағын суды төгу;

қоғамдық тамақтану орындарында май ұстағыштардың болмауы.

Тәртіп бұзушыларға қатысты заңнама аясында тұтыну көлемін қайта есептеуден бастап, қызмет көрсетуді шектеу немесе толық тоқтатуға дейінгі шаралар қолданылады.

Жыл басынан бері 29 көлік жуу орны алғаш рет суды қайта пайдалану жүйесін орнатты. Тағы 78 нысан төмендетілген тұрмыстық тарифтің орнына коммерциялық тарифке ауыстырылды.

Бұдан бөлек, инженерлік желілерге өз бетінше қосылудың 20-дан астам жағдайы анықталды.

Еске сала кетейік, 2025 жылғы шілдеден бастап Қазақстанда табиғи ресурстарды тиімді пайдалануды көздейтін жаңа Су кодексі күшіне енді. Негізгі бағыттардың бірі суды көп мөлшерде тұтынатын нысандармен жұмыс істеу болмақ.

Бұл тізімге көлік жуу орындары кірді. Жаңа талапқа сәйкес, олар біртіндеп суды қайта пайдалану жүйесіне көшуі тиіс.