Спорт

Рыбакина 2-орында қалды

Қазақстанның бірінші ракеткалары Елена Рыбакина мен Александр Бубликтің әлемдік рейтингтегі жаңа орындары белгілі болды

Әйелдер теннис қауымдастығы (WTA) жаңартқан рейтингке сәйкес, Елена Рыбакина көш басындағы Арина Соболенкодан кейінгі 2-орнын сақтап қалды. Үздік үштікті америкалық Коко Гауфф түйіндеп тұр. Еліміздің тағы бір теннисшісі Юлия Путинцева бірнеше сатыға төмендеп, 74-орынға жайғасты.

Ал жұптық сында Анна Данилина 7-орында тұрса, бұл санатта бельгиялық Элизе Мертенс көш бастап келеді.

Алайда маңызды жаңалық – 10-11 сәуірде Астанада өтетін Билли Джин Кинг кубогында Канадаға қарсы ойынға Елена Рыбакинаның қатыспайтыны белгілі болды.

Ерлер арасындағы Кәсіби теннисшілер қауымдастығы (ATP) рейтингінде Александр Бублик әлемнің 11-ракеткасы атағын сақтап қалды. Ол енді Монте-Карлодағы «Мастерс» турниріне қатысып, алғашқы кездесуін франциялық Гаэль Монфиске қарсы өткізеді.

Қазақстанның тағы бір өкілі Александр Шевченко 77-сатыға сырғыды. Ол келесі ойында хорватиялық Марин Чиличпен кездеседі. Ерлер рейтингінде испаниялық Карлос Алькарас көш бастаса, одан кейінгі орындарда италиялық Янник Синнер мен германиялық Александр Зверев тұр.