Қоғам

Вячеслав Ким мен Михаил Ломтадзе су тасқынынан зардап шеккен өңірлерге 20 миллиард теңге аударады

Kaspi Biz Birgemiz Qazaqstan қоры арқылы 620 млн теңге бағыттады

Kaspi.kz сайтының құрылтайшылары Вячеслав Ким мен Михаил Ломтадзе су тасқынынан зардап шеккен қазақстандықтарға көмек ретінде 20 миллиард теңге аударады. Бөлінген қаражат Солтүстік Қазақстан және Ақмола облыстарына тұрғын үйлерді қалпына келтіруге жұмсалады.

Kaspi.kz тең құрылтайшысы және директорлар кеңесінің төрағасы Вячеслав Ким: "Біздің  бүкіл елмен бірге баспанасыз қалған адамдарға жанымыз ауырады.  Мыңдаған отбасылар эвакуацияланды; олардың қашан үйлеріне қайтатыны белгісіз. Кейбір елді мекендерде су әлі де  көтерілуде. Бұл апат кез келген адамды бей-жай қалдырмайтыны анық.  Мемлекет те, бизнес өкілдері мен қарапайым азаматтар та зардап шеккен аймақтардағы халықтың өмірі тезірек жақсаруы үшін қолдарынан келген көмегін аяп жатқан жоқ. Мемлекет басшысының үндеуін қолдап, зардап шеккендерге көмек көрсету үшін және су тасқынының зардаптарын жоюға 20 млрд. аударып отырмыз" деді. 

Ал Kaspi.kz құрылтайшысы және басқарма төрағасы Михаил Ломтадзе: "Зардап шеккен аймақтарда біздің сүйікті клиенттеріміз, серіктестеріміз, қызметкерлеріміз де бар. Біз тасқын басталған күннен бері үнемі байланыстамыз, жағдайды да жақсы біліп отырмыз. Мобильді қосымшамыз арқылы  «Biz Birgemiz Qazaqstan» қорына қаражат бөліп,  құтқару техникасы, жанар-жағармай және басқа да алғашқы қажетті құрал-жабдықтар  сатып алынып жатыр. Әлі де қауіптің арты сейілген жоқ. Осындай қиын-қыстау сәтте Президенттың бастамасына қолдау білдіріп, бірге болуды өз парызымыз деп санаймыз" деді. 

Бұған дейін Kaspi Biz Birgemiz Qazaqstan қоры арқылы 620 млн теңге бағыттады.

Вячеслав Ким өткен аптада Ақмола облысында 5 қабатты тұрғын үй құрылысының жобасын қаржыландырды және зардап шеккен елді мекендердің инфрақұрылымын қалпына келтіруге қаражат бөлді.