Әлеумет

2029 жылы Қазақстанның үш қаласында жылу электр орталықтары іске қосылады

Қазақстанда көмір генерациясын дамыту үшін “Самұрық-Энерго” компаниясы 4 ірі жобаны жүзеге асырып жатыр.

Мұны Үкімет отырысында "Самұрық-Энерго" басқарма төрағасы Қайрат Мақсұтов мәлімдеді.

“Атап айтқанда, Екібастұз МАЭС-2-де әрқайсысының қуаты 550 МВт болатын №3 және №4 энергия блоктарын салу жобасы жүзеге асырылып жатыр. Олар тиісінше 2028-2030 жылдары іске қосылады. Қазір қазақстандық консорциуммен EPC-келісімшарт жасалды. 2 нысанның жобалау-сметалық құжаттамасын әзірлеу аяқталды”, – деді  Қайрат Мақсұтов.

Сонымен қатар басқарма төрағасы үш өңірде жылу электр орталығы салынатынын айтты. 

“Көкшетауда қуаты сағатына 820 Гкал болатын жаңа Жылу электр орталығының құрылысы жүріп жатыр. Нысанда инфрақұрылым дайындалып, бетон торабының құрылысы жалғасыуда. Жабдықтар 2027 жылдан бастап жеткізіледі. Ал станция 2029 жылдың I тоқсанында іске қосылады. Семей және Өскемен қалаларында жылу электр орталығының құрылысы жүріп жатыр. Қазақстан-Сингапур консорциумымен EPC-келісімшарттар жасалды. Станциялар 2029 жылдың IV тоқсанына іске қосылады”, – дейді Мақсұтов. 

Жиында барлық жоба энергия тапшылығын жоюға және елді тұрақты электр энергиясымен қамтамасыз етуге бағытталғаны айтылды.