АХАЖ-сыз неке қиған имамдар жауапқа тартыла ма – депутат пікір білдірді
Мұндай неке заңсыз саналады
Қазіргі кезде қазақстандықтардың көбі отбасын растайтын құжаттарын ресми түрде тіркемей, неке қию рәсімімен шектеледі. Осыған байланысты Мәжіліс депутаты Асхат Аймағамбетов мұсылмандық некеге қатысты пікірін білдірді.
Мәжілісмен неке рәсімінің қазақстандықтар арасында трендке айналғанын мойындайды. Бірақ мұндай некенің заңсыз саналатынын айтып өтті.
«Заң бойынша ресми түрде тіркелген неке Заңды неке болып танылады. Яғни, егер некені мешітте, шіркеуде қиып немесе басқа жолмен тіркесе, оны неке деп санауға болмайды. Бұл іс жүзінде заңнаманы бұзады. Біз зайырлы мемлекетпіз және белгіленген тәртіп бар. Менің ойымша, бұл тұрғыдағы қорқыныш негізсіз емес»,– деді Мәжілісмен.
Сондай-ақ, Асхат Аймағамбетов ресми неке болмаған кезде неке қию рәсімін өткізу үшін жауапкершілікті енгізу қажет екенін айтты. Депутат бұл мәселемен айналысуға уәде берді.