Экономика

Жұмыс істейтін жастарға жалға берілетін тұрғын үй бағдарламасы тоқтайды

Бұл бағдарлама Астана, Алматы және Шымкент қалаларында жұмыс істейді.

Тұрғын үй мәселесі – жас отбасылар мен мамандар үшін ең маңызды мәселенің бірі. Премьер-министрдің орынбасары – мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева жұмыс істейтін жастарға жалға берілетін тұрғын үй бағдарламасы туралы айтты, деп хабарлайды Oimaqnews.kz Qaz365.kz. сайтына сілтеме жасап.

Балаеваның айтуынша, бұл бағдарлама Астана, Алматы және Шымкент қалаларында жұмыс істейді. Оның нақты мақсаты – белгілі бір мерзімге жас мамандарға қолжетімді баспана беру, сондай-ақ өз үйін сатып алу үшін бастапқы жарнаға қаражат жинауына ықпал ету. Ай сайынғы жалдау ақысы өте қолжетімді – 5000 теңге мен 15 000 теңге аралығында болды.

Балаеваның айтуынша, жас азаматтар сондай-ақ «Отау» және «Наурыз», «Наурыз Жұмыскер» республикалық бағдарламалары арқылы баспаналы болып жатыр. Бүгінгі таңда барлық мақұлданған өтінімдердің 62%-ы 35 жасқа дейінгі азаматтарға тиесілі.

Сонымен қатар министр қазіргі жалға алушыларға да арнайы тоқталды. Атап айтсақ, жалдау мерзімі аяқталғандар шарт талаптары мен бекітілген тәртіп шеңберінде әрекет етуі керек. Ал жалдау мерзімі кейін аяқталатындар келісімшарт аяқталғанға дейін пәтерде тұра алады.