Сәбиін 800 мың теңгеге сатпақ болған әйел ұсталды
Аталған дерек бойынша қылмыстық іс қозғалып, күдікті уақытша ұстау изоляторына қамалды.
Түркістан облысында 23 жастағы әйел жүктілігінің соңғы кезеңінде әлеуметтік желілер арқылы болашақ сәбиін сатып алатын адамдарды іздеген. Жедел-іздестіру шаралары барысында полиция қызметкерлері оның бұл заңсыз әрекетін дер кезінде әшкерелеп, қылмыстық жоспарын толық құжаттап, күдіктіні ұстады, деп хабарлайды Oimaqnews.kz
Әйел босанғаннан кейін небәрі үш күндік нәрестені ақшаға бермек болған сәтінде қолға түсті. Полицияның жедел әрі кәсіби іс-қимылының арқасында сәбиге төнуі мүмкін ауыр және қайтымсыз қауіптің алдын алу мүмкін болды.
Аталған дерек бойынша қылмыстық іс қозғалып, күдікті уақытша ұстау изоляторына қамалды.
Қазір жаңа туған қыз бала дәрігерлердің бақылауында. Оның өмірі мен денсаулығына ешқандай қауіп төніп тұрған жоқ.
Тергеу жұмыстары жалғасып жатыр. Оқиғаның барлық мән-жайы жан-жақты тексеріліп, заң аясында тиісті құқықтық баға беріледі.
Полиция адам саудасының кез келген түрі, әсіресе балаларға қатысты қылмыс қатаң түрде тоқтатылатынын ерекше атап өтті.