Әлеумет

Қарағандыда жоғалып кеткен 13 жастағы бала аман табылды

Қазіргі уақытта баланың өмірі мен денсаулығына қауіп жоқ.

Қарағанды облысында жоғалып кеткен 13 жастағы Бейбарыс Рыс аман-есен табылды, деп хабарлайды Oimaqnews.kz Arasha.kz.сайтына сілтеме жасап.

Полиция мәліметінше, қазіргі уақытта баланың өмірі мен денсаулығына қауіп жоқ.

Бұған дейін 1 сәуір күні күндіз бала Абай қаласында серуенге шыққаны хабарланған. Алдын ала мәлімет бойынша, ол достарымен бірге болған, олардың кейбірі велосипедпен жүрген. Балалар Қарабас кенті бағытына қарай бет алған. Алайда кешке қарай Бейбарыс үйіне жаяу, жалғыз қайтуды шешкен.

Жолда келе жатып, ол анасына дауыс жазбаларын жіберіп, телефоны өшуіне небәрі 60 секунд қалғанын айтқан. Сонымен қатар көмек сұрап, қатты тоңып жатқанын жеткізген.

Қарағанды облыстық полиция департаментінің хабарлауынша, баланың жоғалғаны туралы өтініш 2 сәуір күні Абай аудандық полиция бөлімінің кезекші бөліміне түскен.

Төтенше жағдайлар департаментінің мәліметінше, бала жоғалғаны туралы ақпарат оның соңғы байланысқа шыққанынан бірнеше сағат өткен соң белгілі болған, бұл іздеу жұмыстарын қиындатқан.

Іздестіру-құтқару жұмыстарына ТЖМ күштері, 52859 әскери бөлімі, полиция, жергілікті атқарушы органдар, сондай-ақ туыстары, еріктілер мен жергілікті тұрғындар жұмылдырылды. Сонымен қатар әуеден бақылау жүргізу үшін "Қазавиақұтқару" тікұшағы тартылған.

Ресми дерек бойынша, 2 сәуір күні сағат 12:05 шамасында еріктілерден құралған топ баланы Абай қаласынан 15 шақырым жердегі дала аймағынан тапқан. Дәрігерлік көмек қажет болмаған.

Баланың анасы Айжан Мақышеваның айтуынша, ұлы достарымен бірге Қарабас бағытына кеткен, кейін жалғыз қайтпақ болып, далада адасып, Дубовка кенті жағына қарай кетіп қалған.

Бейбарыс анасына WhatsApp арқылы бірнеше дауыс хабарламасын жіберген. Сол жазбалардың бірінде адасып қалғанын айтқан.

Айжан Мақышева ұлының тәртіпті екенін, бұған дейін ешқашан жоғалып көрмегенін айтып, бұл жағдай отбасы үшін үлкен сынақ болғанын жеткізді.