Қоғам

Бас прокуратура Санжар Боқаев ісіне қатысты мән-жайды айтты

Бұл туралы Бас прокурордың орынбасары Ерлан Өтегенов мәлімдеді.

Алматыда наурыз айының ортасында ұсталған белсенді Санжар Боқаевқа қатысты қылмыстық істің егжей-тегжейін Бас прокурордың орынбасары Ерлан Өтегенов мәлімдеді. Ведомство өкілі Сенатта өткен брифингте белсендінің ұлттық компанияда істеген кезіндегі әрекеттері тексеріліп жатқанын айтты, деп хабарлайды Oimaqnews.kz  Qaz365.kz.сайтына сілтеме жасап.

Тергеу мәліметтері бойынша, Боқаев аса ірі мөлшерде алаяқтық жасады және адамдар тобымен бірге заңсыз ағаш кесті деп күдіктелуде. Ерлан Өтегенов қаржы жымқыру деректері Боқаевтың ұлттық компанияда жұмыс істеген кезеңіне қатысты екенін атап өтті. Ашық дереккөздерге сүйенсек, ол 2015-2017 жылдар аралығында «ҚазТрансГаз» АҚ басқарма төрағасының кеңесшісі болған.

Сонымен қатар прокуратура Боқаевты жалған ақпарат таратып, қоғамда теріс пікір қалыптастыру мақсатында бейнежазбалар жариялады деп айыптауда. Тергеу болжамына сәйкес, белсенді ағаш кесу жұмыстарын өзі ұйымдастырып, қаржыландырған, ал оны орындауға әлеуметтік жағдайы төмен азаматтарды тартқан.

Еске сала кетейік, Санжар Боқаев 18 наурызда ұсталып, кейін сот оны қамауға алу туралы санкция берген болатын. Қазіргі уақытта қажетті тергеу амалдары жүргізілуде. Бас прокуратура өкілдері тергеу аяқталған соң толық ақпарат беруге уәде берді.