Нұрай Серікбайдың өлімі: күдікті психикалық емдеу мекемесіне жіберілді
Бұл туралы марқұмның жақындары мәлімдеді.
Шымкентте 21 жастағы студент Нұрай Серікбайдың қазасына байланысты күдікке ілінген азамат психикалық емдеу мекемесіне жіберілді. Бұл туралы марқұмның жақындары мәлімдеді, деп хабарлайды Oimaqnews.kz Arasha.kz.сайтына сілтеме жасап.
Қайғылы жағдай қоғамда үлкен резонанс тудырып отыр. Марқұмның туыстары күдіктінің психикалық ауруға шалдыққаны жөніндегі қорытындыға күмән келтіріп, оны жазадан жалтарудың амалы болуы мүмкін деп есептейді.
Нұрайдың ағасы Сұлтан Серікбайдың айтуынша, күдікті алғашында Шымкентте тексеруден өтіп, кейін Алматыда да сот-психиатриялық сараптамадан өткен. Екі жағдайда да психикалық ауытқуы бар деген қорытынды берілген. Алайда ол мұны "симуляция" болуы мүмкін екенін алға тартты.
Оның айтуынша, іс барысы қоғам назарында болғанымен, тергеудің жабық сипатта жүруі алаңдаушылық туғызуда. Сонымен қатар, күдіктінің уақытша ұстау изоляторында емес, емдеу мекемесінде болуы да күдік күшейтеді.
Марқұмның туыстары істің әділ әрі ашық қаралуын талап етеді. Олар сот процесін онлайн форматта өткізіп, істі созбалаңға салмауды сұрап отыр. Сондай-ақ күдікті тараптың материалдық жағдайы тергеуге әсер етуі мүмкін деген қауіп те айтылды.