Әлеумет

Әкесін ұрған: елді елең еткізген қылмыстық іске қатысты аппелляциялық соттың шешімі шықты

41 жастағы асаба үкіммен келіспей, апелляциялық шағым түсірген еді.

Түркістан облысының Жетісай ауданында қоғамды елең еткізген қылмыстық іс бойынша апелляциялық соттың шешімі шықты. Дәрменсіз, өздігінен қозғала алмайтын әкесіне күш көрсетіп, оны сүйреген ер адамның жазасы күшейтіліп, мерзімі 6 жылға дейін ұзартылды, деп хабарлайды Oimaqnews.kz  Oinet.kz тілшісіне сілтеме жасап. .

Аталған іс бойынша Алмас Садақбаевқа қатысты апелляциялық қарау аяқталды. Бұған дейін бірінші инстанция соты оны 5 жылға бас бостандығынан айырған болатын. Алайда 41 жастағы асаба бұл үкіммен келіспей, апелляциялық шағым түсірген еді.

Сот алқасы істі қайта зерделей келе, айыпталушының әрекетін аса ауыр деп таныды. Нәтижесінде, қауқарсыз, өздігінен жүріп-тұра алмайтын қартқа жасаған қатыгездігі үшін жаза мерзіміне қосымша уақыт қосылды. Осылайша, сот шешімімен оған 6 жыл бас бостандығынан айыру жазасы белгіленді.

Еске салсақ, өткен жылдың қыркүйегінде әлеуметтік желілерде жан түршіктіретін бейнежазба тараған еді. Кадрларда ер адамның өз ауласында қозғала алмайтын қарияны сүйреп, ұрып-соққаны анық көрінеді. Оқиға орнында жас келін мен балалардың болғаны да байқалған. Бұл жағдай қоғамда үлкен резонанс тудырды. Кейіннен 70 жастағы қарияға зорлық көрсеткен Алмас Садақбаев қамауға алынған. Өкінішке қарай, жәбір көрген қария бейнежазба жарияланардан екі апта бұрын көз жұмған.