Баянсұлу композиторды сотқа берген: Қуат Әбілов видеоүндеу жасады
- авторОймақ
- Бүгін, 14:35
- 20
Композитор Қуат Әбілов әнші Баянсұлуға өзін сотқа бергенін айтып, видеоүндеу жасады, деп хабарлайды turkystan.kz.
Ол әншіге жазған бес хит әні үшін қаламақы ала алмағанын айтып, өзінің еңбегі бағаланбағанына ренішін білдірді.
«Менің аты-жөнім – Қуат Әбілов. Композитормын. Мен Баянсұлу деген әнші қыздарыңызға қатысты видеоүндеу жасағым келіп отыр. Маған сотқа шақырту қағаз келді. Баянұлу мені сотқа шақырып жатыр. Мен оның «Ұмытсам да», «Сондайы бар енді», «Ауа райы», «Күтемін», «Lalala» атты бес бірдей әнін жазған автормын. Баянсұлу басында келгенде ешқандай аты, әні жоқ еді. «Аға мені хит қылсаң болды» деген қызға қолымнан келгенше көмектестім. Бес бірдей ән жаздым, бесеуі де хит болды. Ол үшін халқыма рақмет айтамын. Енді үлкен мәселе туындап отыр. Менің әндеріме мүлдем қаламақы төленбеген. Тегін жұмыс жасадым. Ең соңында продюсері Алишер Бұрхановпен келісімшарт бұзылғаннан кейін Баянсұлудың маған деген сыйластығы мен құрметі жоқ екенін көріп жатырмын. Неге десеңіздер?! 20 күн бұрын барлық ән мен клипті YouTube желісінен өшіртіп тастағанмын. Кейін қайта шығаруға рұқсат бердім. Олар талап еткен қаламақымды төлеуден бас тартып жатыр. Маған бірнеше адамдардан қысым болды. Бір адамдар келіп қаламақымның бағасын түсіруімді айтты. Баянсұлудың «егер бұл әндерді мен айтпасам хит болмайтын еді» деген әңгімесі маған деген құрметінің жоқтығын көрсетті. Енді мені сотқа шақырып жатыр. Аталған әндер мен клиптер ешқандай жерде болмайды. Өшіремін. Ол әндердің орындалуына рұқсат бермей жатырмын. Сол себепті мені сотқа шақырды. Сондай әділдік қайда?!», – деді ол.
Композитор әнші қызға туған қарындасыңдай қарап, көп көмек көрсеткенін айтты.
«Менің меншігімде ештеңе жоқ. Меншігімде – отбасым, бес балам және әндерім ғана бар. Мен әнге қызмет етіп жүрген адаммын. Шамамыз келгенше халықтың құлағында қалатындай әндер жазғымыз келеді. Ол көмек сұрап келген кезде барымды салып, жақсы әндерімді соған (Баянсұлуға) орындатуға тырыстым. Ол өзінің продюсерімен жұмысын тоқтатты. Бірақ ол жақтағы келісімдеріне менің қатысым жоқ. Кейін жаңа продюсеріне де талабымды айтып, «қаламақымды төлеңдер де әндерді орындай беріңдер» дедім. Қазақ эстрадасына «Баянсұлу» деген ат осы әндер арқылы кірді деп есептеймін. Енді, міне ақыр соңында осындай қысыммен сотқа шақырып жатыр. Қарындасыңдай көріп, бар ынтаңмен жақсылық жасаған адамның осындай соққы жасауы жақсы нәрсе емес. Әнші мен композитордың арасындағы сыйластықтың соңы осындайға келіп жатыр. Не істерімді білмей отырмын. Сіздер әділдігін айтыңыздар!», – деді композитор.
Оймақ
Қазақстан және шетел ақпараттарын тарататын, түрлі оқиғаларға мамандар көзқарасы мен арнайы сараптама ұсынатын медиа құралы – Oimaqnews.kz. Ойлана білгенге оймақтай ойдың да берері мол.






