Бразилияда әйелді жек көретіндер қылмыскер саналып, бас бостандығынан айырылуы мүмкін
Бразилия сенаты әйелдерді жек көретіндерді 5 жылға дейін бас бостандығынан айыруды көздейтін заң жобасын мақұлдады, деп жазды италиялық Agenzianova басылымы.
Басылым мәліметінше, Бразилия Федералдық сенаты әйелдерді жек көруді кемсітушілік пен өшпенділікке байланысты қылмыстар қатарына енгізетін заң жобасын мақұлдады. Құжатта бұл әрекет нәсілшілдікке теңестіріліп, сотталушыны екі жылдан бес жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған. Бұл туралы сенаттың баспасөз қызметі хабарлады.
Заң жобасында әйелдерді жек көру әйелдерге қатысты өшпенділікті немесе жиіркенішті білдіретін әрекет саналады. Бұл шара фемицидке қарсы саясат аясында қабылданып отыр.
Енді заң жобасы түпкілікті мақұлдануы үшін депутаттар палатасына жолданды.