Спорт

Софья Самоделкина тарихи нәтиже көрсетті:

Қазақстандық мәнерлеп сырғанаушы Софья Самоделкина Чехия астанасы Прагада өткен әлем чемпионатында мансабындағы ең үздік нәтижесіне қол жеткізді.

19 жастағы спортшы еркін бағдарламада бірнеше қателік жіберіп, 120,58 ұпай алды. Екі бағдарламаның қорытындысы бойынша оның жалпы ұпайы 187,53-ті құрады.

Осылайша, Самоделкина қысқа бағдарламадан кейін иеленген 12-орнын сақтап қалды. Бұл – қазақстандық спортшының әлем чемпионаттарындағы ең жоғары көрсеткіші. Айта кетейік, ол былтырғы дебюттік турнирінде 14-орынға тұрақтаған еді.

Жарыс жеңімпазы жапониялық Каори Сакамото (238,28) атанды. Ол әйелдер арасындағы жекелей сында төрт дүркін әлем чемпионы болды. Бұған дейін мұндай жетістікке тарихта тек алты спортшы ғана қол жеткізген.

Күміс медальді тағы бір жапониялық Монэ Тиба (228,47) иеленсе, қола жүлде бельгиялық Нина Пиндзарронеге (215,20) бұйырды.