Ризабек Айтмұқан Ташкенттегі турнирде жеңіске жетті
Қазақстандық еркін күрес шебері Ризабек Айтмұқан Ташкент қаласында өткен PWL 11 турнирінде жеңіске жетті.
Отандасымыз 97 келіге дейінгі салмақ дәрежесіндегі белдесуде ресейлік Алихан Кцоевпен кездесіп, 3:2 есебімен басым түсті.
Кездесу барысында қазақстандық балуан 1:2 есебімен ұтылып жатқанымен, айқастың соңғы сәтінде есепті теңестіріп, белдесудің аяқталуына 5 секунд қалғанда шешуші ұпайға қол жеткізді.
Бұған дейін 13 ақпанда Бішкек қаласында өткен Super 4 Wrestling турнирінде де Ризабек Айтмұқан Алихан Кцоевті жеңген болатын.
Сонымен қатар, аталған турнирде грек-рим күресі бойынша 97 келіге дейінгі салмақта сынға түскен қазақстандық Ислам Евлоев беларусьтік Кирилл Маскевичке 1:2 есебімен есе жіберді.
Естеріңізге сала кетейік, 21 жастағы Ризабек Айтмұқан – Қазақстан тарихында еркін күрестен ересектер арасында әлем чемпионы атанған алғашқы спортшы.