Экономика

Қостанайда 50 миллиард теңгеге қаржылық бұзушылықтар анықталған

Мемлекеттік аудиттің қорытындысы жарияланды.

Қазақстанның Жоғары аудиторлық палатасы Қостанай облысында жүргізілген мемлекеттік аудиттің қорытындысын жариялады. Тексеру барысында 50 миллиард теңгеге қаржылық бұзушылықтар анықталған, деп хабарлайды Oimaqnews.kz BAQ.KZ.сайтына сілтеме жасап. 

Аудиторлардың мәліметінше, өңірдің жалпы өңірлік өнімі өсіп отырғанына қарамастан, әлеуметтік-экономикалық даму тұрақсыз күйінде қалып отыр. Атқарушы органдардың қызметінде басқару мен жоспарлауға қатысты жүйелі мәселелер анықталған.

Бюджет саясатының үйлесімсіздігі

2020-2024 жылдары жергілікті бюджет кірістері 75%-ға өскен. Алайда меншікті кірістердің үлесі небәрі 29%-дан 36,1%-ға дейін ғана артқан.

Сонымен қатар, бюджетте 19 млрд теңге игерілмей қалғанына қарамастан, 30 млрд теңге көлемінде қарыз қаражаты тартылған. Бұл бюджет саясатының үйлесімсіздігін көрсетеді.

Инвестиция тарту баяу, жобалар іске аспаған

Өңірге инвестиция тарту қарқыны төмен деңгейде қалып отыр. Жалпы құны 188 млрд теңге болатын сегіз жобаның алтауы 2025 жылы пайдалануға берілмеген.

Бұдан бөлек, облысты дамыту бағдарламасын іске асыру барысында жыл сайын ондаған жоба (12-ден 164-ке дейін) қысқартылып отырған.

Мемлекеттік қолдау тиімсіз болған

Мемлекеттік қолдау 352 кәсіпкерлік субъектісіне 11 млрд теңге көлемінде көрсетілгеніне қарамастан, олардың 179-ы қызметін тоқтатқан. Ал 168 кәсіпорын жұмыс орындарын құру жөніндегі міндеттемелерін орындамаған.

Сондай-ақ аудиторлар қаржылық тұрғыда тұрақты жеке бизнесті жасырын субсидиялау белгілерін анықтаған.

Инфрақұрылым мен жол сапасы сын көтермейді

Инфрақұрылымдық жобаларды тексеру барысында жобалық-сметалық құжаттаманың сапасыз әзірленуіне байланысты жүйелі бұзушылықтар анықталған.

Кейбір нысандар пайдалануға берілмеген немесе құрылыс барысында түзетуді қажет етеді.

Жол саласында да мәселелер анықталған. Тексерілген 12 нысанда асфальттың шөгуі мен бұзылуы тіркелген, оның ішінде бұрын жөндеу жүргізілген учаскелер де бар.

Ауыл шаруашылығында тұрақсыздық байқалады

Агроөнеркәсіп кешенінде мемлекеттік қолдауға қарамастан тұрақсыздық сақталып отыр. Өнім көлемі төмендеп, мал басы азайған, сондай-ақ ауыл шаруашылығы кәсіпорындарының жабылу саны артқан.

Мемлекеттік сатып алу мен медицинадағы бұзушылықтар

Мемлекеттік сатып алу саласында 12 млрд теңгеге бұзушылықтар анықталған.

Атап айтқанда, талаптарға сай келмейтін қатысушыларды жіберу, негізсіз жабық рәсімдерді қолдану және төтенше жағдайларды сылтау етіп, бір көзден сатып алу жағдайлары тіркелген.

Медицина саласында шамамен 200 млн теңгеге медициналық жабдықтардың құны негізсіз қымбат көрсетілген. Кейбір позициялар құжатта көрсетілген бағадан 18-46 есе арзан болғаны анықталған.

Аудит қорытындысы

Жалпы аудит нәтижесінде қаржылық бұзушылықтар көлемі 51 млрд теңгені құрады. Ал бюджет қаражатын тиімсіз жоспарлау және пайдалану көлемі 50 млрд теңгеге жеткен.

52 дерек бойынша материалдар әкімшілік іс қозғау үшін жолданған.