Актер Санжар Мади: бірде-бір шенеунікті кездестірмедік
Күні кеше Атыраудан оралған актер Санжар Мади су тасқынына қатысты жанайқайын жеткізді
Күні кеше Атыраудан оралған актер Санжар Мади су тасқынына қатысты жанайқайын жеткізді. Актер мұндай қысыл-таяң уақытта тек халықтың өз-өзіне көмектесіп жатқанын айтты. Өз пікірін өнер иесі Instagram парақшасында жазды. Актердің айтуынша, су тасқынынан зардап шеккендерге көмектесіп келген соң оның ойы сан-саққа жүгірген. Өнер иесі қазір физикалық қана емес, эмоционалды тұрғыда қатты шаршаған. "Менде когнитивті диссонанс. Бір жағынан миллиардтар мен милллиардтаған долларлар қазылатын мұнайлы астанаға; қонақжайлық пен ашықтық, ой туралығы орнаған қалаға ғашық болып қайттым. Ал екінші жағынан қала тұрғындары соңына дейін өз-өзіне көмектескенін көрдім. Шенеуніктер тасқыннан соң су құйылсын деп қала көшелерінде әдейі ойықтар жасаған сияқты. Қазақстанның 40 пайызын асырап отырған қала мұндай болмауы керек", - деп ағынан жарылды актер. Санжар Мади су астында қалған басқа қалалардағы апат пен әрекетсіздік ауқымын елестетуден қорқады. "Маған барлық жағынан ауыр. Осыған дейін халыққа тек халық көмектесетінін жазғанмын Бүгін біз шаршағанына қарамастан, мұқтаж жандарға көмектесу үшін күш-жігері мен қаражатын аямаған еріктілерді, ортақ іске атсалысып, өз қаласын сақтап қалуға тырысқан оқушыларды, балаларды, әйелдер мен ер азаматтарды, қарияларды көрдік. Бірақ бірде-бір шенеунікті кездестірмедік, күн сәулесінен жасырынып, шаңды дауыл кезінде тамақ ішіп, заттарымыз бен суымызды қалдыруға болатын шатыр көрмедік", - деп ашынды ол.